Несіпкүлдің алмасы астанаға дейін жетті
Несіпкүлдің алмасы астанаға дейін жетті
Несіпкүл Байжанова – Байзақ ауданындағы белгілі кәсіпкерлердің бірі. Жасынан еңбекқор болып өскен оның болашағынан үлкендер зор үміт күтетін. Еңбек жолын алғаш өзінің туған ауылында 1966 жылы жастар бригадасының жетекшісі болып бастаған жалынды жас кейіннен қызылша бригадасының звено жетекшісі болып жемісті еңбек етті. 1982 жылдан бастап 16 жыл бойы «Ровное» совхозында көкөніс өсіруші, звено жетекшісі болып, бейнеттің ащы дәмін де татты. Ел-жұрт жаппай жеке шаруашылықтарын құрып, қалыптастырып жатқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ол «Байжанова» шаруа қожалығын ұйымдастырады. Бүгінде ауылдың 20 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отырған Несіпкүлдің 12 гектар алма бағы бар. Меркі ауданынан алған алма сұрыптары үш жылдан кейін өнім бере бастайды. Жазда алты рет суарылатын алма бағы бірнеше мәрте дәріленген. – Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың нәтижесінде жеңілдетілген бағамен минералды тыңайтқыш сатып алдым. Бұдан бірнеше жыл бұрын жеңілдетілген бағамен «Беларусь-12212» тракторын алғанмын. Оның берешегін толық қайтардым. Өнім негізінен Астанаға және еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтіледі, – дейді Несіпкүл. Жеміс ағашын осылайша баптап, күткендіктен құрт түспейді, дәмі тіл үйіреді. Жиын-терін кезінде тағы да оншақты адамды жұмысқа тартады. Шаруашылық алмамен қатар, қызылша егумен де айналысады. Тәтті түбірден жиналып алынған өнім көңіл қуантуда. Еңбекпен есейген жан абыройдан да, атақтан да кенде емес. Кезінде ҚКП XVI съезінің делегаты болды. Бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланғаны да бар. Әрбір адамның есінен кетпейтін сәулелі сәттері болады. Ондай сәт қарапайым еңбек адамы Несіпкүл үшін 2003 жылдың 8 наурыз күні туған еді. Сол бір көктемнің шуақты, мерекелі күні Елбасының қабылдауында болып, жылы лебізін, құттықтауын естіген кезі Несіпкүлдің есінен ешқашан шықпайды. Оның республикалық, облыстық, аудандық деңгейде алған марапаттары да аз емес. Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұлов та «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде ауылдық, аудандық деңгейде өтіп жататын қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын Несіпкүл Байжанованың мақтауын әбден жеткізіп, әсіресе, аймақтағы түрлі іс-шараларға демеушілік жасап жүретін қайырымдылығын да тілге тиек еткен. Иә, істің көзін тапқан кәсіпкер ана бүгінде нәсіптің өзін тауып отыр.
Есіркеп СЕРІКБАЕВ, ауданның Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.