Айтылар естеліктер әлі талай...
Айтылар естеліктер әлі талай...
осыдан 121 жыл бұрын 29 наурызда Көктерек ауылында өмірге келген Жазылбек Қуанышбаев арада 52 жыл өткенде алғаш рет еңбек ері атанды...
Өмір дегеніміз ағып жатқан өзен секілді зымырап жатыр. Сол өткен өмірде халқымыздың тарихында талай ұлы тұлғалар өмір сүрген.
Ал ХХ ғасырдың орта шенінде халқының құрметіне бөленген, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев та қазақ тарихында із қалдырған тұлғаның бірі. Мен сол аталарыңыздың үлкен ұлы болғандықтан көрген-білгенімді, кейбір айтылмай, жазылмай жүрген жайларды сөз етуді жөн көрдім. ХХ ғасырдың 30-шы және 40-жылдары еліміз үшін өте ауыр кезеңдер болды. Ешқашан ұмытылмайтын ашаршылық жайлаған 1931-1933 жылдарда миллиондаған адамдар қайтыс болды. Сол кездерде әкем Жазылбек өзінің туған ағасы Әділбек пен інісі Қарабектен айырылды. Ашаршылық пен жоқшылықтың кесірінен Қырғызстанға, одан әрі асып Түркімен еліне дейін барып қайтты. Қасында үнемі екінші ағасы Темірбек атамыз бен інісі Иманқұл, 13 жасар қарындасы Жұмакүл мен Құндақбай, Жинақбай секілді бауырлары бірге болды. Түркіменстанға барғанда жергілікті басшылар бұлардың жағдайларына түсіністікпен қарап, ағайындық көмектерін жасап, азық-түлікпен қолұшын берген екен. Сол түркімен жерінде әке-шешесі мен ағайындарынан айырылған жетім балаға кезігіп, оған аяушылық танытқан әкем ол баланы өздерімен бірге елге алып келеді. Қазақта «жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз бар ғой, сол жігітті өзінің баласы етіп асырап алады. Оның есімі Жасұзақ болатын. Мал баққан алғашқы жылдардан бастап өмірінің соңына дейін бізбен бірге болды. Ең алғаш 1948 жылы әкем Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда қасында көмекші шопан болып, қойды бағу, оны төлдету, қашыру сияқты жұмыстарды ойдағыдай атқарды. 10 жыл уақыт өткенде, яғни, 1958 жылы Жазылбек атам 2 рет Еңбек Ері атағын алды. Үкіметтің жоғарғы сыйлығына ие болуда әкеммен бірге Жасұзақ аға мен анам Жайшабаланың сіңірген еңбектері зор болды. Екеуінің арқасында әкем жоғары көрсеткіштерге жетті. Жасұзақ аға жөнінде республикалық «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде мақалалар жазылды. Арнайы келген қонақтарға, журналист, жазушыларға, әнші-композиторларға Жазылбек атам: «Бұл менің үлкен балам, есімі Жасұзақ болады», – деп таныстыратын. Ол мені «бауырым» деп қатты еркеле-туші еді. Өзі орта бойлы, қараторы келген, салмақты, өте жуас адам болатын. Әкем Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат, Қазақстан Компартиясының ХХІ съезіне делегат болды. Осындай сапарлармен кеткенде ағам оның орнын жоқтатқан емес. Шаруашылықтың барлығын мінсіз атқаратын. Жайшабала анамды өте жақсы құрметтеп, сыйлайтын еді. Өйткені, анамыз ол кісінің барлық жағдайын жасап отыратын. Тамағын уақтысымен дайындап, кір-қоңын жуып, ауырып қалса күтіп-баптайтын. Шешем тыным таппайтын өте еңбекқор адам болатын. 1953 жылы 5 жасар қызы Несіпкүл әпкем қайтыс болғанда, Жасұзақ аға оны көпке дейін уайымдап, қатты қайғырып ауырып қалады. Туған қарындасындай көретін. Өкінішке қарай, 1959 жылдың тамыз айында ағам ұзақ науқастан кейін қайтыс болды. Анам екеумізді жерлеуге қатысу үшін Өскенбай сайынан ферманың жүргізушісі Алпысбай аға ауылға түнделетіп алып келді. Ертеңіне жерлеуге аудан, ауыл басшылары келіп қатысты. Зират басына көп адам жиналды. Әкем маған қарап тұрып: «Бейбіт балам, Жасұзақ ағаңа топырақ сал, сені жанындай жақсы көруші еді ғой, әрқашан еске алып жүрейік», деп маған топырақ салғызды. Жерлеуден кейін Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Уәлихан Қайназаров пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Оңалбай Әмірбеков бастаған басшылар біздің Жиделі көшесіндегі үйге келіп көңіл айтты. Келесі 1960 жылдың мамыр айында әкем Меркі ауданының Шалдуар ауылына аттанды. Сол жақтан көмекші шопан болатын адамды алып келемін деді. Барып келгеннен соң, ертіп келген жігітті бізге таныстырып: «Аты – Тұрғынәлі, әке-шешесінен ерте айырылған, бізге жақын жиен болады. Әкесі орта жүз, оның ішінде Тарақты руының тумасы», – деді. Содан кейін маған қарап: «Бейбітжан, жақсы көретін Жасұзақ ағаң о дүниелік боп кетті, енді осы Тұрғынәлі жиен саған аға болады, еркелігіңе салып ренжітіп жүрме, құрметтеп, сыйлап жүр», – деп ақылын айтты. Әкем мені жалғыз баласы болған соң шамадан тыс еркелететін. Не айтсам да барлығын орындайтын еді. Сондықтан маған ескертіп жатқаны ғой. Тұрғынәлі ағаның түр-келбетін сипаттайтын болсақ, қаралығы жағынан маған, ал бет пішіні әкеміздің кіші әйелі Әрімхан ападан дүниеге келген Тойшыбай ініме ұқсас, жасы 25-тегі жігіт екен. Мінезі салмақты, қимылы ширақ, сөзге де бар адам болатын. Қазақта адам нағашы жұртына тартады деген сөз бар. Тұрғынәлі жиен ағамыз бізге тартқан болып шықты. Тұп-тура 6 жыл онымен бір үйде тұрып, бірге тамақ ішіп өмір кештік. Енді атамның алдында тұрған міндет – оны үйлендіру еді. Ауданның басшыларына барып, ақыл-кеңес құрады. Сонда бірінші хатшы Уәлихан Қайназаров: «Жазеке, сізді іздеп келмейтін адам жоқ, ақын, жазушы да, тарихшы, сазгер де, ағайын-туыстар да сізбен жақынырақ танысып, дастарха-ныңыздан дәм татқысы келеді. Сол кісілерді дұрыстап күтіп, қызмет жасай білетін, ән айтып көңілдерін көтере білетін келін алғаныңыз жөн болар еді», – деп ақыл-кеңесін береді. Аудандық мәдениет бөлімінде әнші болып істейтін Рая есімді қызды келін болуға көндіреді. Білдей ауданның басшысы мен күллі қазақ елі құрметтейтін Жазылбек Қуанышбаев өтініш жасап тұрғаннан соң, қыздың көнбеске лажы қалмаған болу керек. Сонымен, аудан орталығы Бірлік ауылынан жеңіл көлікке келінді отырғызып алып, Хан тауына қарай жүріп кеттік. Жеңіл көлік демекші, 1959 жылдың 4 желтоқсанда Асанбай Асқаров обкомның бірінші хатшысы болғаннан кейін әкеме жеңіл «ГАЗ-69» автокөлігін сыйға берген болатын. Бұл біздің аудандағы ең алғашқы жекеменшік автокөлік болатын. Оны Жазылбек атам інісі Иманқұл ағаға мінуге берген. Рөлде Иманқұл аға, алдыңғы орындықта әкем, артында Тұрғынәлі мен Рая және мен. Мен екеуінің орталарына отырып алдым. Маған бәрі керемет қызық сияқты көрінді. Қазіргі Биназар ауылынан аса бергенде Жазылбек атам: «Шырағым келін, әдемі даусың бар деп естимін, бір жағынан жол қысқарсын, ән айта отыр», – деді. Рая жеңгеміз сол жылдары ел арасында кеңінен айтылып жүрген «Ақ сұңқар» әнін шырқай жөнелді. Шынында, даусы керемет екен. Жеткенше әнін тыңдап ырза болдық. Біз отыратын жайлауымыз Өскенбай сайына қалай келгенімізді білмей қалдық. Бірақ, Тұрғынәлімен дәм-тұзы жараспады ма, жоқ әлде малшы өмірінің қиыншылықтарына шыдамады ма, әйтеуір 3-4 айдан соң жас келін кетіп қалды. Содан кейін көршілес Ақтөбе колхозында тұратын әкемнің немере қарындасы Әнеш әпкем мен Бәкір жездеміздің көмегінің арқасында руы Сәмбет, Өткелбай деген қарияның Аманкүл есімді қызын құда түсіп, алып берді. Екеуі жарасымды отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүрді. Балалы-шағалы болды. Ел-жұртқа сыйлы болып, әке-шешемнің де ойынан шығып өмір кешті. Олар 1966 жылдың тамыз айында әкемнен рұқсат сұрап еліне көшіп кетті. Оған себеп – атам құрметті демалысқа шығып, отарын өткізуге дайындала бастаған еді. Сол 1966 жылдың қараша айында отарын жас шопан Бөгенбай Бидасбаевқа өткізді. Бөгенбай әкесінен ерте айырылып, еңбекке жастайынан араласуға мәжбүр болған жас жігіт. Жасы 17-ден жаңадан асқан кезі екен. Бөгенбай аға осы күндері құрметті демалыста. Кеңес ауылында тұрады. Сол сәттегі атамның шәкіртіне ұстатқан таяғы бүгіндері Бөгенбайдың үйінде сақтаулы тұр екен. Енді әкемнің туған інісі Иманқұл аға жөнінде айта кетейін. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері. 1943 жылы әскерге алынып, Курск иініндегі сұрапыл шайқастарға қатысқан. Одан соң Қиыр Шығыстағы қорғаныс мақсатында құрылған дивизияның құрамында болған. 1945 жылы қыркүйек айында Жапонияның квантун әскеріне қарсы шайқастарға қатысқан. 1948 жылы әскер қатарынан елге оралған Иманқұл аға өте білімді адам болған. Әсіресе, орыс тіліне керемет жүйрік еді. Аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Оның алдында комсомол комитетінің хатшысы болды. Әйелі Нұрлы Есдәулетова Бірлік ауылының қызы, руы – Көкірек. Екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Келіншегі аудандық кітапханада қызмет атқарды. Ол уақытта райком қызметкерлері ат мінетін болған. Көктемде атпен Шу өзенінен өтемін деп суық тигізіп, қатты ауырған. Дінмұхамед Қонаев пен Жазылбек атамның арқасында Қырымда 2 жыл жатып емделді. 1964 жылы сауығып елге оралды. Бұл мақалада әкем мен Иманқұл ағадан естігендерімді және өзімнің көрген-білгендерімді жазып отырмын. Өзім қазір әкемнің туған ауылы Жамбыл ауылында тұрамын. 1979 жылы әкем аудан орталығына көшті. Отырған үйді маған тапсырып тұрып айтқан сөзін әлі ұмытқам жоқ: «Балам, бұл үйді – қара шаңырақ дейді. Саған аманат қылып тапсырамын. Құдайға шүкір, келінім Пернекүл мен немерелерім бар, отын өшірмей жағып отырыңдар», – деді. Қазір осы шаңырақта тұрып жатырмыз. Үш ұлдан 6 немере тәрбиелеп өсірдік. Қазағымыздың саны көбейіп, еліміз өркендеп, ауызбіршілік пен ынтымағымыз жараса берсін демекпін.
Бейбіт Қуанышбаев.
Жамбыл ауылы, Мойынқұм ауданы.