Спорт және туризм

Люксембург – Қазақстан 1:2

Люксембург – Қазақстан 1:2

жас футболшыларымыз жанкүйерлерін жеңіспен қуантты

Футболдан 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын сырт алаңда Люксембург футболшыларымен өткізіп, тартысты ойын көрсетті. Люксембург футболшылары ойынның бесінші минутында есеп ашты. Төреші белгілеген пенальтиді Эдвин Муратович тиімді пайдаланды. Алайда жеңіске деген жігерін таныта білген Қазақстан құрамасының ойыншылары барын салып бақты. Олардың өзара түсіністікпен берілген пастары нәтижелі болып, кездесудің 36-минутында есепті теңестірді. Бұл ретте Дидар Жалмұқанның тамаша пасын голға айналдырған Александр Соколенконың мергендігін атап өту ләзім. Жастарымыз екінші таймда да табандылық танытып, әдемі ойын өрнегін көрсете алды. Атап айтар болсақ, Дидар Жалмұқаннан дәл пас алған Юрий Перцух соққысын алаң иелерінің қақпашысы қайтарғанымен, ойынның 61-минутында қорғаушы қателігін сәтті пайдаланған Геворг Наджарян допты қарсыластың қақпасында тулатып, өз командасын алға шығарды. Есепті еселейтін мүмкіндіктер бұдан соң да болып жатты. Алайда бұл ретте Люксембург қақпашысының шеберлігін ерекше айтуға тура келеді. Ол алдымен Дидар Жалмұқанның баспен берген пасын қақпаға тура тепкен Максим Фединнің добын дарытпаса, кейіннен дәл бағытталған айып соққыдан да қақпасын қорғап қалды. Дегенмен жастарымыз сәтті ойын көрсетіп, өз жанкүйерлерін жеңісімен қуантты. Матч соңына қарай Владимир Никитенко алаңға Максим Гладченко, Оралхан Өміртаев және Иван Антиповты ойынға қосып, өнерлерін көрсетуге мүмкіндік берді. Айта кетейік, Қазақстан жастар құрамасы келесі ойынын 13 маусым күні сырт алаңда Черногория футболшыларымен өткізеді. Ал 1 қыркүйек күні Черногория құрамасын өз алаңында қабылдайды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».