Мәдениет

Димаш – Азияның ең танымал әншісі

Димаш – Азияның ең танымал әншісі

Дүйсенбі күні қазақ елінің таңдайына бұлбұл ұя салған талантты перзенті, дарынды әншісі Дінмұхамед-Димаш Құдайберген China Top music Awards шарасында «Азияның ең танымал әншісі» номинациясын жеңіп алып, барша жанкүйерлерінің мерейін тағы бір тасытты. Бұл Қытайдағы Грэмми марапаты ретінде танылып, 2001 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан мәртебесі биік музыкалық жүлде. Биыл аталмыш марапатқа отандасымыз лайық деп табылып, күллі қазақ елінің мәртебесі асқақтап, Димаштың барша тыңдармандарының оған деген сүйіспеншілігі еселене түсті. Марапаттау сәтінде Димаш Құдайберген тыңдармандарына қазақ тілінде алғыс айтып, ағынан жарылды. – Ассалаумағалейкүм, құрметті әлеумет! Өте қатты қуаныштымын. Бұл менің шет елдегі алып тұрған ең алғашқы үлкен сыйлығым. Ең алдымен мен өзімнің ата-анама және жан досыма көп рақмет айтамын, мені қолдап-демеу болып жүргендеріне. Және де менің бағымды ашқан, әлемге танытып жатқан «Singer» жобасына алғыс айтамын! Мені қолдап жүретін барша тыңдарманыма рақмет айтқым келеді! Бар болыңыздар, аман болыңыздар! Бұл тек бастамасы ғана! – деді Димаш Құдайберген. Аспан асты елінің Шанхай қаласында өткен кеште Димаш Құдайберген «SOS d’un terrien en détresse» әнін орындап, көпшілік қошеметіне бөленді. Бұл әнді қазақстандық әнші «I am a Singer» байқауының бірінші кезеңінде орындаған болатын. Айта кетейік, Қытайдағы «I am a singer» тележобасында бақ сынап, тартысты өнер көрсетіп жатқан отандасымыз Димаш Құдайбергенов аталмыш байқаудың 10-кезеңінде де тамаша өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Бұл кезеңде әнші Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған «Ұмытылмас күн» әнін қазақ, қытай тілдерінде орындап, талантын тағы да таныта білді. Жалпы есеп бойынша жоғары ұпай жинаған әнші ақтық сынға жолдама алды. Ал екі кезеңнен тұратын финал 8 және 15 сәуір күндері тікелей эфирден көрсетіледі деп күтілуде. Күміскөмей, жезтаңдай жас талантымызға бірге жанкүйер болып, қолдау білдірейік. Қазақ өнерінің жалауын биіктен желбірете бер, Димаш!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».