Білім

Білімдінің қолында алтын шырақ

Білімдінің қолында алтын шырақ

Павлодар қаласында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық пән олимпиадасы аяқталғанда «Қазақстанда барлық салаға жаппай цифрлық технологияны енгізіп, жаңа индустрияларды өркендететін жастар өсіп келеді екен» дестік іштей. Енді он-он бес жылда солар елдегі 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау және білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды әрі қарай дамыта түсетін болады. Жыл өткен сайын дәстүрлі білім додасы озат оқушылар үшін нағыз бәсеке алаңына айналып келеді. Жүлде алып, үздіктер қатарынан көрінгендер сол межеден асып түсуге ұмтылып жүр. Жамбылдық оқушылар да солай, бес жыл қатарынан алған «Үздік команда» атағын сақтап қалу үшін осы олимпиадада да барын салды. Және бұл талпыныстары нәтижесіз қалған жоқ. Облыс командасы алтыншы мәрте үздік шығып, 28 оқушы жүлдемен оралды. Негізі жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық пән олимпиадасына өңірімізден 49 оқушы қатысқан болатын. Озық шыққандардың 8-і алтын, 10-ы күміс, 10-ы қола медаль жеңіп алды. Білімдінің алар асуы да биік. Биыл да облыстық дарынды ер-балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернаты «Үздік олимпиада мектебі» атанды. Дарынды шәкірттердің еншісінде 6 алтын, 10 күміс, 9 қола, барлығы 25 медаль бар. Алтын медальға ие болғандардың ішінде осы мектептің 9-сынып оқушысы Тұртемір Әділет (биология пәнінен) «Дарвин» номинациясымен марапатталды. Жасыратыны жоқ, осы олимпиадада қазақ-түрік мектеп интернаттарының шәкірттерінен осындай үлкен табыс күткен едік. Олар сенімді ақтады. Облыстық «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары да озық шығады деген үміт те болған. Күткеніміздей, дарындылар мектебінің екі оқушысы алтын жүлдеге қол жеткізді. Ал Айша бибі атындағы дарынды қыз-балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының шәкірті 1 қола медаль еншіледі. Бет қатталып жатқанда: Кеше Ақтау қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылып, білім додасына қатысқан жамбылдық 29 оқушының 17-сі (59 пайызы) жүлдегер атанғаны белгілі болды. Оның 2-еуі алтын, 4-еуі күміс, 11-і қола медальдарды жеңіп алды.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».