Мәдениет

Белградтан бірінші орын алып келді

Белградтан бірінші орын алып келді

облыстық орыс драма театры Сербияда өткен ХVІ Халықаралық «Славия – 2017» фестивалінен жүлделі оралды

Сербия Республикасы Белград қаласында өткен ХVІ Халықаралық «Славия – 2017» фестиваліне қатысқан облыстық орыс драма театры олжалы оралды. Жыл сайын наурыз айында ұйымдастырылатын дәстүрлі өнер байқауында жергілікті театр Эдвард Родзинскийдің пьесасының желісі бойынша сахналанған «Нерон и Я» атты қойылымды сербтік көрермендердің назарына ұсынды. Режиссер Қуандық Қасымов сахналаған спектакль театр саласының қайраткерлері, әйгілі артистер, театртанушылар мен театр сыншыларынан құралған қазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары бағаланды. Әлемнің әр түкпірінен келіп, түрлі жанрдағы шығармаларды ұсынған театрлар арасынан үздік деп танылып, Аугуст Кицбергтің «Обретень» атты қойылымын сахналаған Эстон елінің R.А.А.А.М. театрымен қатар, қос ұжымның өнері де бас жүлдеге лайық деп табылады. Алайда, қазылар алқасының ұзақ ақылдасып, кеңескен шешімінен соң Эстон театры бас жүлде, облыстық орыс драма театры бірінші орынды бөліседі. Әлбетте, бұл арнайы дипломмен және Дон Кихоттың алтын тұғырымен марапатталған облыстық театрдың тамаша жеңісі, мерейлі қуанышы дей аламыз. Сонымен қатар, барша театрсүйер жамбылдықтардың да жетістігі екендігі даусыз. Өнер жарысынан жерлестеріміз әдемі әсер, жақсы естелікпен оралғандарын айтады. РФ Мәдениет саласының үздік қызметкері, өнертану ғылымының кандидаты Эленора Макарова біздің облыстық орыс драма театрының шығармашылық ұжымына ризашылығын білдіріп, достық қарым-қатынаста болуға ниетті екенін жеткізіпті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Мәскеу қаласында өтетін «Встречи в России» атты Халықаралық фестиваліне және «Золотая Маска» байқауына конкурстан тыс қатысып, өнер көрсетіп, тәжірибе алмасып қайтуға шақырыпты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».