Жас балуандар жеңіспен оралды
Жас балуандар жеңіспен оралды
Қызылорда облысы Сырдария ауданында дзюдодан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында республикалық ашық турнир өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің он бір облысынан 36 команда, 550 спортшы қатысты. Тартысты өткен турнирден тараздық спортшылар жүлделі орынмен оралды. Жарыстың салтанатты ашылуында ҚР дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Марат Мықтыбеков пен Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Ералиев спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыстың алғашқы күнінде командалық жарыс өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде қыздар арасында бірінші орынды Қызылорда, екінші орынды Ақтөбе облыстары иеленсе, ал жүлделі үшінші орын Тараз қаласының құрамасына бұйырды. Сондай-ақ, ұлдар арасында Қызылорда облысының спортшылары жеңімпаз атанса, күміс жүлдені Тараз қаласының жас спортшылары иеленді. Қола жүлде Алматы облысының спортшыларына бұйырды. Жекелей есеп бойынша турнир жеңімпаздарын атап айтар болсақ, тараздық Нұрқанат Серікбаев 42 келіде, Дәулет Қайратұлы 60 келіде, Асылжан Орынбасарова 63 келіде және Аяулым Қуанышова 44 келіде, Аружан Адасхан 52 келіде жеңімпаз атанып, құраманың намысын қорғады.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».