Спорт және туризм

Жасындай жарқылдаған жас талант

Жасындай жарқылдаған жас талант

Қазақстан U-19 құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет «Тараздың» ойыншысы атанды

Ұлттық құрамамыз сенсация жасап, күміс жүлдені жеңіп алған «Гранаткин Мемориалы» турнирі арқылы танылған бірден-бір футболшы ол – Қазақстан U-19 құрамасының шабуылшысы, тараздық Еркебұлан Сейдахмет. Тек еліміздің ғана емес, осы турнирді тамашалаған 16 мемлекеттің футбол жанкүйерлерінің назарын өзіне аудара білген жас ойыншыны көпшілік қазақ футболының жарқын болашағы деп таныды десек қателеспейміз. Тараз – таланттардың ордасы екенін тағы бір дәлелдеп, аталмыш турнирдің «Үздік шабуылшысы» атанған футболшы алдағы уақытта «Тараз» футбол клубының сапында өнер көрсететін болады. Бұған дейін облыс біріншілігінде өнер көрсететін «Монтажник» командасы сапында ойнап келген Еркебұланның «Тараз» құрамасына алынғаны туралы клуб президенті Махамбет Дүйсембаевпен хабарласып, білген едік. – Еркебұлан Сейдахметті «Монтажник» жеке меншік футбол клубының басшылығымен келісіп бір жылға сәуір айынан бастап командаға алдық. Алдағы уақытта біздің жігіттермен бірге жаттығып, алаңға шығады деген үміттеміз. Қай ойынға қосылатынын бас жаттықтырушы Вайт Талгаев мырза шешеді. Егер жұмысымыз жемісін берсе, «Монтажник» футбол клубының тарапынан келісім болса, ойыншы мен келісім шарт мерзімін ұзартуға болады, – деді Махамбет Ахметұлы. Айта кетейік, бүгінде футболсүйер қауым ойнау мәнерін атақты аргентиналық Мессиге ұқсатып жүрген Еркебұлан Сейдахмет осыған дейін питерлік «Зенит» клубының жастар құрамасымен бірге Кипрде жаттығулар өткізіп, кездесулерге қатысып, әдемі голдардың да авторы болып, көзге түсе білді. Бірақ ол ФИФА-ның ережесі бойынша 18 жасқа толмағандықтан, питерлік клубпен келісімшартқа отыра алмайды. Бүгінде «Тараздың» ойыншысы атанған Еркебұлан сегіз жасынан бастап облыстық «Монтажник» командасында жаттығып, өнер көрсетіп келеді. Шетелдік мамандарды да сүйсінтіп, қызығушылығын тудырған жас талант соңғы кездері нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай келе жатқан «Таразға» жаңаша серпін, жеңісті сәттер сыйлайды деген сенімдеміз. Туған өңірдің намысын қорғау барысында Еркебұланның талантын танытуына мүмкіндігі мол!