Армения – Қазақстан 2:0
Армения – Қазақстан 2:0
Қазақстан Ұлттық құрамасы Е тобында 2 ұпаймен соңғы орынға жайғасты
Ереван қаласында 2018 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңі аясында Армения және Қазақстан құрамалары күш сынасып, есеп алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ә дегеннен кездесу жоғары қарқынмен басталып, алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері шабуылдай бастады. Алайда, қысымға тойтарыс беріп, қарымта шабуыл ұйымдастырған футболшыларымыз Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Тұңғышбаев есеп ашуға деген жақсы талпыныстарын көрсетіп бақты. Бірақ нақты мүмкіндік болмады. Екінші таймда да қазақстандық футболшылар шабуылда ширек қимылдай алғанымен, қарсыластың қақпасына бағыттаған соққылары қиыс кетіп жатты. Ал 64- минутта Сергей Малый екінші сары қағазын алып алаңнан қуылғаннан соң ойын барысы күрт өзгерді. Алаң иелері 10 ойыншымен қалған біздің құраманы қыспаққа ала түсті. 73- минутта Армения құрамасының капитаны Генрих Мхитарян Абзал Бейсебековтен сытылып өтіп қақпаға соққысын дәл дарытты. Көзді ашып-жұмғанша Озбилиз есепті еселеп кетті. Бұдан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Осылайша, Александр Бородюктің Қазақстан құрамасының тізгініндегі алғашқы ресми ойынында жеңіліс тапты. Қоржынында небәрі 2 ұпайы бар біздің құрама Е тобында көш соңына жайғасты. Ал армяндар екінші жеңісіне жетіп, 6 ұпай еншіледі.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».