Ана қашанда құрметке лайық
Ана қашанда құрметке лайық
Қай мезгілдің болмасын өзіндік ерекшелігі, мән-маңызы бар. Жалпы, жыл мезгілдерінің ішінде көктемнің орны әсте бөлек. Дүниенің жаңғыртып, жаңартып, жасартатын ырыс пен бақ-берекенің бастауы осы мезгіл. Тіршілік атаулы қайта түлеп, табиғат-ана ерекше түрге бөленетін көктем туғанда әйелдер қауымы да ерекше құлпыра түсетіні шындық. Қазақ «Әйел – ұлттың анасы» дейді. Мұны айтып отырған себебім, әйелдердің қоғамда алар орны ерекше. Оларсыз өмірді елестету мүмкін емес. Кезінде жауға қарсы шығып, ұлт намысы үшін жанын пида еткен өжет қыздарымыз болған. Елдің тұтастығы үшін даулы істерді шешуде аты аңызға айналған ақылы асқан сол аналарымыздың ізбасарлары қазір де бар. Қыз-келіншектер көп қызмет ететін сала – медицина. Дәрігерлер қауымы мереке күндері де ел үшін жұмыс істейді. Біздің денсаулығымыздың қалыпты жағдайда болуы осы ақ желеңді абзал жандардың арқасы. Жалпы, өндіріс, құқық қорғау, қорғаныс, білім, бұқаралық ақпарат құралдары секілді кез-келген салада қиындыққа мойымай, отбасының берекесін сақтай білген әйелдер қашанда ұлт үшін қадірлі. Олардың Отанға сіңіріп жатқан еңбегі өлшеусіз. Сондықтан әйел-аналарды құрметтеп, сыйлай білу қажет екенін жас ұрпақтың санасына сіңіру біз үшін парыз.
Әшен Қырғабақұлы, зейнеткер.
Меркі ауданы.