Әлеумет

Мейірім шуағына бөленгендер

Мейірім шуағына бөленгендер

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі биыл да айшықты көріністерге толы болды. Төңіректің бәрі түрленіп, наурыз лебі шарпымаған елді мекен қалмады. Атап айтқанда, 18 наурыз – «Жаңару күні» аясында жалпыхалықтық сенбілік өтіп, аулаларға, көшелерге, саябақтарға тазалық жұмыстары жүргізілді, талдар әктеліп, қала мен даланың ажары ашыла түсті. Мәселен, Тараз қаласының бір өзінде ғана 250 түп «наурыз тал» отырғызылған. Оның ішінде 150 арша Көне Тараз тарихи-мәдени орталығына, ал жас терек көшеттері 105 разъез аймағына, «Қазақ елі» монументі төңірегіне егілді. Атаулы күн аясындағы жұмыстарға қаланың барлық мекемелері бір деммен атсалысты. Тазалық жұмыстарына шаһар бойынша 7280 адам, 49 техника жұмылдырылып, 6,3 шаршы метр арықтар жүйесі реттеліп, 306 тонна қоқыс шығарылып, 9400 тал әктеліпті. Сонымен қатар, «Жаңару күнінде» облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Халық дәстүрі – асыл қазына» тақырыбында медиа-саяхат, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шара өтті. Ал 19 наурыз – «Қамқорлық күніне» орай әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға арналған қайырымдылық акциялары №1 және №4 арнаулы әлеуметтік қызмет ұсыну орталықтарында, дағдарыс орталығында, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында, Қ.Сарымолдаев балалар үйінде өтіп, әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған санаттар өкілдері жүрек жылуы мен мейірім шуағына бөленді. 20 наурыз – «Қуаныш күнінде» Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қалалық перинаталдық орталыққа арнайы барып, мереке қарсаңында өмір есігін ашқан 10 сәбиге қажетті бұйымдар түріндегі сый-тартулар жасап, аналардың құшағын гүлге толтырды. Бұл күні қалалық Мәдениет үйі алаңында сурет салу байқауы, концерттік бағдарламалар өтіп, бүлдіршіндер де мәре-сәре болды.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».