Діни экстремизммен күрес күшейе түсті
Діни экстремизммен күрес күшейе түсті
Жангелді ОМАРОВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек» дегенді атап айтқан болатын. Осыған орай, аталған Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында, өңірімізде де түрлі жұмыстар атқарылуда. Деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарын, интернет пен әлеуметтік желілердегі діни ақпараттық материалдарға мониторинг жүргізіп, анықталған күдікті сілтемелерді дінтану сараптамасына жолдап отырамыз. Елімізде, оның ішінде, облысымызда діни ахуалдың жай-күйі тұрақты деуге толық негіз бар. Дегенмен, мәселелер де жоқ емес. Елімізде экстремистік деп танылған «Таблиғи жамағаты» діни ұйымының іс-әрекеті көрші Қырғызстан елінде тыйым салынбауы, соның нәтижесінде ұйымның қайта белсенділік танытуы алаңдатып отыр. Сонымен қатар Таяу Шығыс пен Ауғанстан аумақтарындағы террористік ұйымдардың іс-әрекеті Орта Азия мен Қазақстанға да кері әсерін тигізуде. Қоғамда деструктивті діни ағым өкілдерінің бар екендігі жасырын құбылыс емес. Бүгінгі таңда, басқарманың алдында аталған санаттағы азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру, оңалту және қоғамға бейімдеу міндеттері тұр. Осыған орай, облыста діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы жұмыстар екі бағытта жүргізілуде. Бірінші бағытта, өткен жылы облыс басшысының бастамасымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 2016-2018 жылдарға арналған өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру бойынша облыстық іс-шаралардың желілік кестесі әзірленіп, былтыр Тараз қаласы мен аудандарда 3017 іс-шара өткізілсе, бұл орайдағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті полиция қызметі тарапынан Тараз қаласы мен аудандарда аула кезу, жалдамалы пәтер пайдаланушы азаматтарды есепке алу шаралары барысында діни бағыты белгісіз, күдік тудыратын азаматтардың тізімі жасақталып, әкімдіктерге тұрақты ұсынылуда. Бүгінгі күнге дейін 672 азаматтың тізімі жасақталып, оның ішінде, 346 азаматтың әлеуметтік портреті қалыптастырылды. Оған сәйкес, азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік, психологиялық көмектер мен діни-құқықтық тұрғыдан оңалту және кеңес берілуде. Бүгінде 12 азамат жұмысқа орналастырылып, Ханафи мазхабына қайтарылды. Ал деструктивті діни көзқарасы анық азаматтармен оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында, өткен жылдың қазан айында басқарманың жанынан «Оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылып, кадрлық құрамы дінтанушы, теолог, психолог және заңгер мамандарымен жасақталды. Жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде 281 азамат радикалды діни көзқарастарынан қайтарылды. Оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстарын барысында әйелдерге де ерекше көңіл бөлінуде. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанынан және Тараз қаласы мен аудан көлемінде «Қыз Жібек» клубтары құрылып, қыз-балалар арасында салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар негізінде дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеуде. Жалпы, 14 клубтың барлығы 272 белсенді мүшесі бар. Сонымен қатар, түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтар арасында діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарына арналған басқарма мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті арасында үшжақты іс-шаралар жоспары қабылданған. Соның нәтижесінде 32 сотталушы радикалды көзқарасынан қайтарылды. Сондай-ақ, интернет сайттар мен әлеуметтік желілерде де жұмыстар тұрақты жүргізіліп, оған мешіт имамдары да тартылуда. Өткен жылы 201 күдікті сілтеме анықталып, оның 74-іне тосқауыл қойылған болатын. Биыл 948 күдікті сілтеме анықталып, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетіне дінтану сараптамасына жолданды. Соңғы кездері ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында, дәстүрлі кездесулерден гөрі ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыстарының басқаша жаңа үлгідегі форматтары жиі пайдаланылуда. Мысалы, аталмыш топтың жұмыстары барысында «оупэн эйр» (ашық аспан) форматындағы шараларға басымдықтар берілуде. Бұл жұмыстар негізінен қоғамдық және сауда орындарында, базарларда, құрылыс нысандарында, қала маңындағы саяжайларда жүргізілуде. «Оупэн эйр» шаралары барысында тұрғындар мен әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтар арасында діни-құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және маңызды діни мәселелер қамтылған, сенім-телефондары жазылған ақпараттық парақшалар, бүктемелер, кітапшалар, аудио-видео дисктер таратылды. Мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстардың үздік үлгілерімен тәжірибе алмасу мақсатында, ағымдағы жылы Ақтөбе мен Алматы облысында басқарманың қызметшілері арнайы іссапарда болып, тәжірибе алмасып қайтты.