Жаһан

Тұрақтылық, бірлік, келісім

Тұрақтылық, бірлік, келісім

қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы қарсаңында

Светлана Чаутина, облыстық «Радонеж» орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Тұрақтылық, бірлік, келісім. Тәуелсіз еліміздің дамуына негіз болған басты құндылықтарымыз осы. Мемлекетімізді әрі қарайғы жаңғыруы да ішкі тұрақтылығымыздың беріктігіне байланысты. Бұл тақырыптың алдағы уақытта Елордада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясына да арқау болуы сондықтан. Жақында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма бесінші сессиясын шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы 26 сәуір күні Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен шақырылып отыр. Президент Үкіметке сессияны өткізуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы былтыр 26 сәуірде Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткені баршаға мәлім. Ол басқосудың күн тәртібіне «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» мәселелері талқыланып, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жарияланған болатын. Сессияның жұмысына 1 500-ден астам адам қатысқан. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет елдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдері болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бұл басқосудан күтері көп. Себебі қазір мемлекетімізде үлкен бетбұрыс жасалуда. Елбасымыздың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформа билік тармақтары арасында өкілеттіктері қайта бөлінді. Конституциямызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Енді елімізді жаңа жаңғырулар күтіп тұр. Жаңа кезеңге қадам басқан шақта қазақстандықтарға ауызбіршілік аса қажет. Тұрақтылықты нығайта түсу керек. Ал бұл міндетті орындауда Ассамблея мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Бұл сессияда да үлкен, келелі мәселелер көтеріледі. Күн тәртібіндегі мәселеге қарай басқосуда тұрақтылық, бірлік пен келісімді нығайта түсу мәселелері талқыланатыны анық. Ассамблеяның әр сессиясында Ұлт Көшбасшысы жаңа тапсырмалар беру арқылы ұйымның жұмысына жаңа серпін беріп келеді. Біз де қашанда Елбасынан игі бастамалар күтеміз. Облыстағы барлық этномәдени орталықтар да, «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де Президентіміздің сарабдал саясатын қолдайды. Осы этномәдени бірлестіктер әлемде баламасы жоқ қоғамдық институт – Ассамблеяның негізін құрайды. 1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев барлық этномәдени орталықтарды бір ұйымға біріктіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын жария еткені мәлім. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының құрамында этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым өкілдері бірлесе жұмыс істеуде. Орыс қауымы қоғамдық бірлестігі осыдан үш жыл бұрын 20 жылдығын атап өткені белгілі. Ал облысымызда «Радонеж» орыс қауымы қоғамдық бірлестік ретінде 2013 жылы мамырда тіркелді. Содан бері этномәдени бірлестік мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының өткізетін іс-шараларға қатысып, аймақтағы этносаралық келісімді нығайтуға өзіндік үлесін қосып келеді. Біз қазақстандық патриотизмді нығайту, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру бастамаларына үнемі үн қосып отырамыз. Қоғамдық шаралардан шет қалған емеспіз. Мұндай іс-шараларда бірлестік жанынан құрылған «Славянин» жастар қанатының мүшелері де белсенділік танытады. Ложкарев фольклорлық этнографиялық ансамблі, орыс халық аспаптары оркестрі, «Красная гвоздика» ардагерлер хоры, «Буратино» балалар би ансамблі, Оңтүстік әскери округінің үрмелі аспаптар оркестрі де қатысады. Кезекті сессияда елді дамытуға бағытталған жаңа бағыт-бағдар айқындалып, тың бастамалар көтерілетіні аян. Мемлекет басшысының тапсырмалары толықтай жүзеге асса, еліміз ары қарай да дами беретініне кәміл сенеміз. Тараз қаласы.