Саясат

Жаңа әкімдерге жаңа міндеттер жүктелді

Жаңа әкімдерге жаңа міндеттер жүктелді

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қордай аудандық мәслихатының кезектен тыс өткен сессиясына қатысып, аудан әкімі Қайрат Досаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұл орынға Болатбек Байтөленің кандидатурасын ұсынды. Ұсыныс депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, жаңа әкім тағайындалды. Бұдан соң өңір басшысы қордайлықтармен кеңейтілген актив жиналысын өткізіп, ауыс-түйістер туралы хабарлады. IMG_6295– Қордай – облыстағы алдыңғы қатарлы аудандардың көшін бастап келеді. Ауданды басқарған жылдарда Қайрат Досаев та бұған лайықты үлесін қоса білді. Үш жылда Қордайда біршама оңды жұмыстар атқарылды, көптеген мектептер, балабақшалар салынып, жолдар жөнделді. Жаңа өндіріс орындары ашылуда, ауыл шаруашылығы саласында да жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Жұмыссыздыққа қарсы жүргізілген күрес те нәтижелі. Киелі Қордай жерін мекендеген көп ұлтты өңір тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі жарасқан берекелі тірлігі оның жұмысына серпін берді, осында жиған бай тәжірибесін ол енді көрші Шу өңірінде лайықты іске асырады деп сенеміз. Ал сіздердің ауданға Болатбек Байтөлені әкімдік қызметке тағайындаймын. Оны сіздерге таныстырып жатудың өзі артық, осы өңірде туып-өсті, қызметке араласты. Экономика, қаржы саласында жұмыс істеді, кейіннен аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқарған. Бұл өңірдің адамдарын да, жұмыстың жайын да жақсы білетіндіктен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа биіктерге көтереді деп сенім артамын, – дей келе Кәрім Нәсбекұлы жаңадан тағайындалған әкімге жаңа міндеттер жүктеді. Жиында Қайрат Досаев қолдау көрсеткендері үшін аудан тұрғындарына ризашылығын жеткізді. Қасиетті Қордайдың елі мен жеріне қимастық сезімін білдірді. Ал Болатбек Байтөле артылған сенім мен жауапкершіліктің үдесінен шығуға уәде берді. Бар білімі мен білігін, тәжірибесін аудан игілігіне жұмсайтынын айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық қоғамдық кеңестің қаржы және бюджет жөніндегі комиссиясының төрағасы Төле Сүгірбай, Өтеген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрған Жасыбаев және облыстың Құрметті азаматы Анатолий Шупта сөз сөйлеп, жаңа қызметтерге тағайындалған екі азаматқа алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. * * * Облыстағы кадрлық ауыс-түйістер шулықтарды бей-жай қалдырмаған еді. Көпшіліктің күткені аудан басшылығына кім тағайындалады деген сұрақтың жауабы болған. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдымен аудан әкімі қызметіне үміткер кандидатты қолдау жөнінде Шу аудандық мәслихат депутаттарының келісімін алған соң, әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен жиын өткізіп, жаңа әкімді тағайындады. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде ауданды осыған дейін басқарып келген Рүстем Дәулеттің басқа қызметке ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Шу ауданының әкімі қызметіне Қайрат Досаевты тағайындағанын айтып, оның еңбек жолымен таныстырып өтті. Облыс басшысы Қайрат Әскербекұлының аудан әкімі ретінде жұмыс тәжірибесі мол екеніне тоқталды. Өңіріміздегі ең тұрғыны көп Қордай ауданын үш жылдан аса басқарып, қыруар жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. Шу ауданында да атқарылатын шаруалар бар екенін тілге тиек етіп, ауыл шаруашылық кооперативтерін құруды, оған несие бөлу мақсатында екінші деңгейлі банктермен оңтайлы жұмыс істеуді тапсырды. Өндірісті дамыту жолында қолға алынып жатқан жұмыстардың көптігін және оны жүзеге асыру тікелей өзіне жүктелетінін айтып, бірқатар тапсырмалар берді. Жаңа тағайындалған әкім Қайрат Досаев өзіне зор сенім білдіргені үшін облыс әкіміне және аудандық мәслихат депутаттарына алғысын жеткізіп, еңбек жолында жинаған тәжірибесін ауданның әлеуетін арттыруға жұмсайтынын жеткізді. Бұл аудан өзінің кіндік қаны тамған туған жері екеніне тоқталып, оның дамуы жолында аянып қалмауға және берілген тапсырманы уақтында әрі сапалы орындауға уәде берді. Облыстың Құрметті азаматы Тұрсынбай Халық өңірімізбен бірге, Шу ауданы да күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, жаңа басшының еңбек жолында жинаған мол тәжірибесі жүз мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданының әлеуетін арттыруға жетелейтініне сенім білдірді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Шу ауданынан бірқатар лауазымды тұлғалардың түлеп ұшқанын, сондай-ақ олардың ел экономикасын өркендетуде өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқанын сөз етті. Рүстем Рысбайұлының да Шу ауданының дамуына қосқан үлесі мол екенін айтып, ауданның жаңа басшысы Қайрат Досаевтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Құрманбек Әлімжан, Ерғали Қартайған, «Ақ жол».

Қордай және Шу аудандары.