Саясат

Бауырлас елдердің достығы берік

Бауырлас елдердің достығы берік

Ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз бен қазақ елдерінің достық, бауырластық байланысы сонау ХV ғасырдан бастауын алады. Осыншама уақыттан бері еларалық қарым-қатынасқа еш селкеу түскен емес. Өзара экономикалық байланыс пен іскерлік қарым-қатынастарға қазір де айрықша мән беріліп отыр. Бүгінде өңіріміздегі егістік алқаптарының басым бөлігінің суарылуын қырғыз елінің су қоймалары қамтамасыз етсе, мемлекетіміз тарапынан оларға электр энергиясы, көмір және мазут беріліп отыр. Жақында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қырғыз Республикасының Талас облысында болып, іс-шара барысында екі облыстың басшылары тарапынан өзара сауда-саттық байланысын нығайтып, дамытуға негізделген меморандумға қол қойылып, мәдениет, туризм, инвестиция тарту, су мәселелері де жан-жақты қаралып, талқыланғаны белгілі.

IMG_5210Сол жолы Кәрім Нәсбекұлы көрші ел өкілдерін облысымызға шақырып, екі ел кәсіпкерлерінің өзара тығыз қарым-қатынаста сауда-саттық жасасуына мүмкіндіктер қарастыру жағын баса айтқан болатын. Осы уағдаластыққа байланысты өткен сенбіде өңірімізге келген Қырғыз Республикасы, Талас облысының губернаторы Дойыр Кенекеев бастаған делегациялық топты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қарсы алды. Жалпы, Жамбыл және Талас облыстары арасындағы ынтымақтастық әріптестікті одан әрі нығайта түсу мақсатымен өңірімізге қадам басқан таластық делегация құрамында 120 адам бар. Талас облысының басшысы екі облыс арасындағы сауда қатынасы ертеден басталып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын тілге тиек етіп, халықаралық жәрмеңкеге өздерінде өндірілетін барлық өнім түрлерін алып келгендерін айтты. Бұл орайда Кәрім Нәсбекұлы шығыс халықтары шаттана тойлайтын Наурыз мерекесі тұсында азық-түлік өнімдерін керуенге теңдеп жеткен қырғыз ағайындарымызға алғысын білдірді. Қос облыстың басшылары осы күні Тараздағы орталық Достық алаңында өңіріміздегі агроқұрылымдар еңбеккерлері мен қырғыз кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің және жеміс ағаштары көшеттерінің жәрмеңкесіне қатысты. Халықаралық деңгейде өткен бұл жәрмеңке ауыл шаруашылық өнімдерін қала тұрғындарының төмендетілген бағамен сатып алуларына мүмкіндік берді. Бұл шараға Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас және Сарысу аудандарының тауар өндірушілері 40 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, 13 тонна ет, 6 тонна сүт, 4 тонна кондитерлік және макарон, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері өткерілді. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасынан келген кәсіпкерлер тарапынан 10 тонна алма, 12 тонна картоп, 15 тонна бұршақ, 5 тонна пияз, 5 тонна қырыққабат пен ет, сүт өнімдері сатылды. Осында сатылған тауарлардың жалпы құны 43,4 миллион теңгені құрап, өнімдер нарықтағыдан 10-17 пайыз арзан бағамен сатылды. Жәрмеңкені облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Талас облысының губернаторы Дойыр Кенекеев аралап көріп, ондағы өткеріліп жатқан тауарлардың сапасы мен бағасына қанықты. Облыс басшысы қырғыз елінен келген жеміс және шырша, қайың көшеттеріне баса назар аударды. Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы облыс орталығында көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазарту жұмыстарының екі айлығы жүріп жатқанын айтып, Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулетке көшеттердің барлығын алып қалып, қала аумағына отырғызуды тапсырды. – Бұл жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – екі облыс арасындағы ынтымақтастықты арттыру болып табылады. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және өзіміздің шаруашылық басшыларын осы жәрмеңкеге қатыстыру арқылы өзара тәжірибе алмасу да маңызды. Жалпы, көрші елдің Талас облысымен арада тығыз қарым-қатынас орнықтырылып отыр. Мәселен, аталған облыстың еңбеккерлері өздері өндірген тауарларын Бішкек қаласына жеткізу үшін 250-300 шақырым жол жүретін болса, біздің облыстың шекарасымен екі араны 20 шақырым ғана жол жалғап жатыр. Бұл өзіміздің шекара маңындағы ауылдар мен Талас облысына өте ыңғайлы. Бүгін Талас облысының өкілдері тек қана ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізу мақсатымен ғана келіп отырған жоқ, өздерінің үлкен концерттік бағдарламаларын да қоса алып келіп отыр, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Орталық алаңға тігілген киіз үйлермен жәрмеңке ажары ашыла түсті. Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны да тараздық көрермендер үлкен ықыласпен көріп, тамашалады. – Бұл жәрмеңке екі елдің достығына, ынтымағына, сауда қатынасының одан әрі дами түсуіне жол ашатын болады. Бағзы кездері біздің бабаларымыз өздері егіп-өсірген көкөністерін осы Таразға алып келіп саудалаған екен. Сөйтіп, бұл жерден құрылыс бұйымдарын алатын болған. Осы жағдай әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді, – деді губернатор Дойыр Кенекеев. Бұл күні орталық алаңға жиналған қала тұрғындарының қарасы мол болды. Олар жәрмеңкеден азық-түліктерді арзан бағамен алып қалуға тырысса, енді бірі қырғыз жерінен келген жеміс ағаштарының көшеттерін саудалады. Сондай-ақ Талас облысының қолөнершілері қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылар да табылды. Қырғыз әндерін тыңдауға құмартып келгендер де жетерлік. Бұл шара екі ел өкілдері қатысқан мереке сияқты қызықты өтті. Өз кезегінде өзіміздің аймақтың тауар өндірушілерінің де саудасы қызды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.