Саясат

Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда

Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда

облыс әкімі кәрім көкірекбаев ұлыстың ұлы күнгі қуанышты халықпен бірге бөлісті

Наурыз мән-мағынасы терең мереке. Барша шығыс халықтары атап өтетін бұл мейрамның қазақ елі үшін де мазмұны бөлек. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды айшықтай түседі. Алты ай бойы ызғарын шашқан қатал қыстың беті қайтып, көктемнің жылы лебі сезілетін сәтті әркім асыға күтетіні анық. Тіпті, ғалымдарымыз айтып жүргендей ертеректе, Күлтегін, Тоныкөк жазбаларында да «Көктем мерекесі» деген мейрамның тойланғаны айтылады. Ғалымдар осы «Көктем мерекесін» Наурыз тойымен байланыстырады. Биылғы Наурыз мерекесі де орталық Достық алаңында бар сән-салтанатымен аталып өтті.

Бұл күні орталық алаңға тұрғындар әдеттегідей көп жиналды. Барлығының жүзінен шаттық, қуаныш, мерекелік көңіл күй сезіледі. Бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп, ақжарма тілектерін ақтарып жатты. Ұлттық киім киген тұрғындар мерекенің сәніне сән қосты. Мерекелік іс-шара «Мәңгілік Ел төріндегі Наурыз!» атты театрландырылған көрініспен басталды. Облыстық драма театрының әртістері шеберліктерін ұлттық салт-дәстүрге сай өрнектесе, мәдени бағыттағы қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері де би билеп, әннен шашу шашып, мереке мәнін аша түсті. Көнеден келе жатқан әз-Наурыздың қадір-қасиеті айтылып, халыққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты ғұмыр тілеп, бата берілді. Көпшілік бұл күннің кешірім мен достыққа, ынтымақ пен бірлікке, жемісті тірлікке қадам басатын күн екенін тағы бір сезініп, көңіл сүзгісінен өткізді. 

Жиналған көпшілікті жыл басы – Наурыз мерекесімен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтап: – Құрметті облыс тұрғындары! Ардақты ағайын! Біз бүгін Ұлыстың ұлы күніне басымыз аман, бауырымыз бүтін жетіп, шуақты күнді бірге қарсы алып отырмыз. Бұл күн жер ана бусанып, табиғат жаңарады. Наурыз тойы – тарихи мазмұны терең, мәні зор мейрам. Бұл мерекеде ағайын-туыс, таныстар бір-бірімен көрісіп, ынтымақтарын арттырды. Салт-дәстүріміз жаңғырып, көрініс табады. Көпшілік бір-біріне ақ тілекті тілеумен болады. Көпшіліктің бүгінгі жоғары көңіл күйі экономикалық өркендеген жағдайымызды байқатады. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында зор табыстарға жеттік. Биыл конституциялық реформа қабылданып, еліміз Үшінші жаңғырту кезеңіне қадам басты. Елордамызда халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің өтетіні де зор жетістік. Кейінгі жылдардың өзінде қаншама білім, денсаулық нысандары, тұрғын үйлер, жолдар салынып, пайдалануға берілді. Бұл да экономикамыздың өсіп-өркендегенін байқатады. Құрметті ағайын! Қадірлі көпшілік! Әз-Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын! – деді облыс басшысы. Мерекелік іс-шаралар легі толассыз жалғасып жатты. Елімізге танымал эстрада жұлдыздары Жанболат пен Жазираның орындауында шырқалған әндерді көпшілік үлкен ықыласпен тыңдады. Облыстық филармонияның әншілері мен бишілері де мерекеге өз өнерлерін тарту етті. Төле би көшесін жағалай тігілген ақшаңқан үйлер ақ шағаладай әсемдігімен алыстан көз тартты. Осында ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қазақ күресінен өткен түйе балуандар жарысында тараздық Рыскелді Артықов барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Оған 200 мың теңге көлемінде сыйлық берілді. Жүлделі екінші орынды Жамбыл ауданының балуаны Дәулет Пахриддинов иеленсе, таластық Айдос Теңгебаев үздік үштіктен көрінді. Облыстың аға жаттықтырушысы Бауыржан Бейсенбиевтің ұйымдастыруымен асық ойыны бәсекесі де тартысты өтті. Үлкен топта Олжас Аханов жеңімпаз атанса, орта топта Даниал Сандыбайұлы мергендігімен көзге түсті. Кіші топта Радмир Махмед шешуші сәтте Ерасыл Бауыржаннан басым түсіп, чемпион атанды. Сондай-ақ, арқан тарту, қол күрестіру ойындары да жоғары деңгейде өткізіліп, жеңімпаздары марапатталып жатты. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Наурыз мерекесіне тігілген қазақы киіз үйлерді аралап, олардың сән-салтанаттарына, дайындықтарына көңіл аударды, «Наурыз көжеден» дәм татты. Жалпы, Наурыз тойға жиырмаға жуық киіз үй тігілді. Облыс басшысы ТарМУ-дың киіз үйі маңында сәбидің тұсауын кесіп, нәрестеге бақыт тіледі. Сондай-ақ, ТарМПИ мен ТИГУ-дың, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бесікке салу, беташар бойынша көрсеткен көріністерін тамашалады. Бірнеше киіз үйлерге бас сұғып, көпшіліктің қуанышын бөлісіп, ақжарма тілегін айтты. Осылайша, Наурыз мерекесі Таразда сән-салтанатпен, жоғары деңгейде өтті. Бұл күні Наурыз мерекесі барлық аудан, ауылдарда да аталып өтті.

Есет Досалы, «Ақ жол».