гена – қазақ шапанын жамылған батыр
гена – қазақ шапанын жамылған батыр
ал оның қарсыласы Дэниел Джейкобс жекпе-жекке... 81 келі салмақпен шыққан
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, орта салмақтың королі саналатын Геннадий Головкин мен осы жекпе-жекке дейін аталмыш салмақтың екінші нөмірлі боксшысына баланған, WBA тұжырымы бойынша әлемнің тұрақты чемпионы белбеуіне ие болған америкалық Дэниел Джейкобс арасындағы шайқас тартысқа толы өтті. Шайқас басталмас бұрын америкалық боксшы екі бірдей ережені бұзды. Халықаралық бокс федерациясы (IBF) ережесі бойынша екі боксшы да кездесу өтетін күннің ала таңында салмақ өлшеу рәсімінен қайта өтуі керек. Белгіленген лимит бойынша олар 170 фунт, яғни, 77,1 келіден аспауы тиіс. Головкин бұл сыннан сүрінбей өтті. Ал Джейкобс қайта салмақ өлшеу рәсімінен бас тартты. Осылайша ол IBF белбеуіне таласу құқығынан айырылды. Бірақ Джейкобс үшін белбеуден гөрі қалайда Генаны жеңу маңызды болғаны мәлім. Америкалық боксшы сол мақсат үшін IBF белбеуін «құрбандыққа» да шалып жіберді. Сонымен қатар Джейкобс жекпе-жекке дейін және жекпе-жектен кейін өтуге тиісті антидопингтік тексеруден бас тартты. Осының бәрін алға тартып, қазақстандық боксшы кездесуді өткізуден жалтарып кетуіне де болушы еді. Бірақ GGG ондай қадамға бармады. Ер екен. Бұл өз кезегінде Джейкобсқа белгілі бір деңгейде басымдық бергені анық. Дэниелдің 12 раундқа шыдас беруінің сыры осында жатыр. Бейресми дерек бойынша Джейкобс шайқасқа 81 келі салмақпен шыққан деседі. Ал Гена 77,1 келі салмақпен рингке көтерілген. Алғашқы үш раундта екі қарсылас бір-бірін барлап көрді. Гена да бұрынғыдай алдыға қарай тұра ұмтылмады. Өйткені, 29 қарсыласын сұлатып салған Джейкобс көптің бірі емес. Бойы да, қолы да ұзын, физикалық әлеуеті мығым. Джейкобсты арқан бойы керілген шаршы алаңның бір бұрышына тықсырып, қапталдата екі соққысын бағыттады. Дөп тиді. Үшінші соққы нысанаға дәл жеткенде Джейкобстың шаруасы бітер ме еді? Нокдаун! Дэниел тұрды. Жекпе-жекті жалғастырды. Бесінші раундта өз-өзіне келіп үлгерген америкалық боксшы шамасы келгенше шайқасып бақты. Бірақ ауыр соққы алып қалмау қажеттігін ескеріп, сақ қимылдады. Бұл раундта да Генаның мерейі үстем. Жетінші раундта да америкалық ширақ көрінді. Жекпе-жектің сегізінші раунды да Джейкобстың еншісіне жазылғандай болды. Ол тоғызыншы үш минуттықты да сәтті бастады. Алайда, раунд ортасынан ауа бере Головкин өзінің жойқын соққыларымен сабазыңызды сабасына түсірді. Тіпті, Гена соққан жойқын джеб соққыдан кейін Дэниелдің басы шайқалып та кетті. Бұл раунд сөзсіз Головкиннің пайдасында! Оныншы раундта Генаны танымай қала жаздадық. Көп соққылары ауа қармады. Осы үш минуттықта Джейкобстың басым болғаны талас тудырмайды. Осылайша көңіліміз күпті бола бастаған сәтте Головкин өзінің қаһарына мінді. Соңғы екі раундта Генаның басымдығы айқын аңғарылды. «Уһ» деп терең тыныстадық. Біздің ойымызша Джейкобс төрт раундта басым болғандай еді. Төрешілер оның еншісіне 5 раунд жазыпты. Қорытынды есеп 115-112, 115-112, 114-113. Гена осылайша отыз жетінші жеңісіне қол жеткізді! Ресми статистикаға сенсек, Головкин Джейкобс кездесуінде Гена 618 соққы бағыттаған, оның 233-і нысанаға дәл тиген. Джейкобс болса, 542 соққы жұмсап, 176 мәрте қарсыласына соққысын дарытқан.
* * * Youtube желісіндегі «Artorias Boxing» арнасы WBA(Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин мен американдық Дэниел Джейкобс арасындағы жекпе-жекке талдау жасап, боксшылардың әр раундта жасаған тура және таза соққыларының есебін шығарды. Бұл жекпе-жек 12 раундқа созылғаны белгілі. Есепке сәйкес нәтиже төмендегідей:
Осылайша, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин бәсекелесінен екі есе басым түсіп, есеп 171-98 болғаны анықталған. Айта кету керек, Головкиннің қорғану сәті мен қорғана жүріп жасаған соққылары есепке алынбаған. Осындай талдаудан кейін бұл жекпе-жек жайлы түрлі қауесеттерге нүкте қойылатын шығар.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».