Шын мықтыға тұсау жоқ
Шын мықтыға тұсау жоқ
«Астана арландары» Ресей боксшыларын ойсырата ұтты Бүкіләлемдік бокс сериясы Таразға келді. Талдықорған мен Атырау төрінде өткен жекпе-жектерде қарсыластарын күйрете жеңген «Астана арландары» жеңісті жорықтарын «Тараз-Арена» спорт кешенінде сәтімен жалғастырды. Халықаралық талаптарға сай салынған еліміздегі санаулы спорт кешендерінің бірінде өткен шайқаста «Астана арландары» Ресейдің «Патриот боксинг тим» командасын қабылдап, 4:1 есебімен басымдық танытты. Бұл күні «Тараз-Арена» спорт кешеніне жиналған тараздықтар сүйікті боксшыларына қолдау білдіріп қана қоймай, қонақ команданың былғары қолғап шеберлеріне де алғыстарын жаудырып жатты. Облыс үшін маңызы зор спорттық шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов боксшыларды, жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, сайыпқырандарымызға сәттілік тіледі. С2 салмақ дәрежесіндегі сайыпқырандар сынға түскен жекпе-жектердің шымылдығын «Астана арландарының» капитаны, Азия чемпионы, 52 келі салмақтағы жамбылдық жампоз Олжас Сәттібаев пен оның қарсыласы Вячеслав Ташкараков түрді. Вячеслав жақсы дайындықпен келген өрен екенін байқатқан. Десе де, тәжірибелі Олжас Сәттібаев шеберлік жағынан қарсыласынан басым екенін айқын аңғартты. Жойқын соққыларын қарсыласына әдемі дарыта білген оның жеңісіне күмәнсіз сеніп отырғанбыз. Алайда кездесу соңына дейін жеткен жоқ. Үшінші раундта (Ташкараковтың қабағы жарылып, жерлесіміз техникалық нокаутпен 30:27, 30:27, 30:27) басым түсті. Бұдан кейін рингке көтерілген 60 келі салмақтағы өреніміз Закир Сафиуллин Артур Субханкуловты 5 раунд бойы жұдырықтың астына алып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. 69 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз, жамбылдық жампоз Асланбек Шымбергенов те жанкүйерлердің қиқуынан қуаттанып, Шахабас Махмудовты 3:0 есебімен жеңді. Десе де, кездесу тартысты өткенін айта кеткен ләзім. Қос боксшы ашық жұдырықтасқан сәттер жанкүйерлердің делебесін қоздырды. 81 келіде рингке көтерілген Арман Рысбек бүкіләлемдік бокс сериясында әбден ысылған, тәжірибелі өрен Павел Силягинмен қолғап түйістірді. Арман қапталдан жойқын соққылар жасаса, Силягин көбіне джеб соққыларын бағыттап жатты, әредік екі-үш соққымен жасаған комбинациялары да сәтті шықты. Дегенмен, кездесудің басым бөлігінде өзінің мықтылығына шүбә келтірмеген Арман жеңімпаз атанды. Есеп 4:0. Соңғы кездесуде, яғни, алыптар айқасында рингке беттеген дебютантымыз Олжас Бұқаев Магомед Омаровқа жол берді. Қорытынды есеп 4:1. Арландардың пайдасында. Кездесу аяқталған соң жамбылдық жанкүйерлер «Астана арландарының» шайқастарын алдағы уақытта да Тараз төрінен көргілері келетінін айтып жатты.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».