Экономика

Жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталады

Жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталады

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы туралы хабардар етті. Басқарма басшысының пікірінше, кестеге сай өтіп жатқан жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталады. Қысқы кезеңде ешқандай мәселе туындамаған. Шағын қалалардағы орталық қазандықтар да тиісті отынмен толықтай қамтамасыз етілген. Жақында өткен облыстық штаб отырысында Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларына ыстық су беру мәселесі қаралған. Облыс сағатына 225 мың текше метр газ тұтынуда. Барлық тұтынушыларға, өндірістік және коммуналдық кәсіпорындарға табиғи газ үздіксіз жеткізілуде. Электр энергиясынан да тапшылық жоқ. «Жамбыл ГРЭС» АҚ қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. «Таразэнергоорталық» АҚ-да жұмыс ырғақты жүруде. Жылу энергиясына тұрғындар –146,6, бюджеттік мекемелер – 22,2 және заңды тұлғалар – 17,3 миллион теңге қарыз. Қарыздың қайтарылуын облыстық штаб тұрақты бақылауға алған. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыста 2016-2020 жылдарға кешенді бағдарлама әзірленген. Оның сомасы болжаммен 17 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржыға 36,14 километр жылу желісін ауыстыру көзделуде. Одан әрі Е.Көшербаев облыста 377 елді мекен бар екенін атап көрсете келе, газ құбырынан 50-100 километр алыс орналасқандықтан, 56 елді мекенге газ құбыры тартылмайтынын еске салды. 2008 жылы тауарлық газды тұтынатын елді мекендердің саны 48-ді құраса, бүгінгі күні газдандырылған елді мекендер саны 178-ге жетіпті. 2017-2025 жылдарға дейін 150 елді мекенді «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында газдандыру жоспарланған. Олардың қатарына Сарысу ауданынан 14 және Мойынқұм ауданынан 3 елді мекен еніпті. 5 ауданның 64 елді мекенін газдандыру және Тараз қаласындағы қауіпсіздік талабына сәйкес келмейтін «ГРС-1», «ГРС-2» газ реттеу стансаларын қала сыртына шығару мақсатында биыл облыстық бюджеттен 449,813 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар 449,074 миллион теңгеге Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе газ реттеу стансасының құрылысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта мердігер анықталу үстінде екен. «Нәтижесінде 2013 жылы газ жеткізу құбыры салынған 10 елді мекеннің 15077 тұрғыны мен 53 мекеме тауарлық газды толыққанды тұтынуға мүмкіндік алады», – дейді басқарма басшысы. Е.Көшербаев Қарағанды облысы Шахан кентіндегі қайғылы оқиғаны еске салып, өңірімізде әлі де 74 көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде, 67 мекеме жертөлесінде немесе жапсарлас салынған ғимаратта жылыту қазандығы орналасуы орын алып отырғанын алға тартты. Есептегіш құралдарын орнатуда да шешімін күткен мәселелер бар. Оларды шешу жолдары қарастырылуда екен. Брифингте журналистер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға да тиісінше жауаптар қайтарылды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».