Саясат

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ – ПАТРИОТИЗМНІҢ, ОТАНСҮЙГІШТІКТІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ – ПАТРИОТИЗМНІҢ, ОТАНСҮЙГІШТІКТІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

Гүлжихан Иманалиева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы.

Қазақ тарихымен байланыстырып айтатын болсақ, біз ел болып өмір сүріп жатырмыз ба?! Қазақ болуымыз мәңгілік пе? Демек, қазақ болуымыз мәңгілік десек «Мәңгілік Ел» деген идеяға келуіміз керек. Елбасымыз «Мәңгілік Ел» идеясы – біздің еліміздің Ұлттық идеясы деген. Демек, Мәңгілік Елдің айқындамасы болуы керек. «Мәңгілік Ел» идеясы – патриотизмнің, отансүйгіштіктің қайнар бұлағы болуы үшін қазақ елінің азаматтары тегіс, әсіресе қазақтар бай, ауқатты болулары керек, деп есептейді Ғарифолла Есім. Түркілер ұғымында «Мәңгілік мақсатты көздемеген іс оңбайды, оны Тәңірі жарылқамайды». Сондықтан да, елдік пен бірлік жолында ерік-жігерімізді аямауымыз, мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету үшін барлық қажыр-қайратымызды салуымыз Мәңгілік Ел жолындағы мақсат-мұрат, парызға деген адалдығымыз болмақ. Ата-бабаларымыздың тасқа таңбалап, мәңгіге жазып қалдырған кемеңгерлеріміз жалғастырып, дамытқан сан елдің өзара береке бірлігі мен татулығын, бейбітшілігін тілейтін іргетасы өзара түсіністікке негізделген Мәңгілік Ел нысанасы, «кемел қоғам» ілімінің исі түркі жұрты ғана емес, адамзат қоғамына берер тәсілі, тағылымы мол. Бүгінгі қазақ ұлты бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. «Бүгінгі қазақ ұлты бұрынғы «қызыл идеологияның» қыспағындағы бодан халық та емес. Бүгінгі қазақ ұлты өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қысқаша айтқанда, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру». Ұлттық идея – талай ұрпақтың еңбегімен, қуаныш-қайғысымен сараланған рухани дүние. Бұл қайталанбас байлық өмірге ұлттық өзіндік тарихи болмысымен келген, сол себептен де ол ұлттық дүниетанымның айнасы. Көп этносты, көп конфессиялы Қазақстан қоғамы сияқты күрделі қоғамда идеяларға қойылатын басты талап, ол ел тұтастығын қамтамасыз ете алатын күшке ие болу кажеттілігі. Қоғамның барлық мүшелерінің жоғын жоқтап, бәрінің мүддесін бірдей қорғайтын идеялар мен көзқарастар ғана тұтастықты сақтауға көмектеседі. Көп этносты Қазақстан жағдайында халықтың бірлігін сақтайтын, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы олардың ерен еңбегін, қажымас жігерін тасытатын идеялардың бірі ретінде қазақ халқының рухани түлеу идеясының потенциалын пайдалануды ұсыну да осы талап-тілектен туған шаралар. Бар қазақтың бір қазақ ретінде ұйысуының нәтижесі «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асуына негіз болары анық. Туған ел патриотизмнің, отансүйгіштіктің қайнар бұлағы болуы үшін қазақ елінің азаматтары тегіс, әсіресе, қазақтар бай, ауқатты болулары керек.