Экономика

Мақсары майын өндірудің жаңа әдісі бар

Мақсары майын өндірудің жаңа әдісі бар

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – халықты сапалы азық-түлік өнімдерімен, оның ішінде өсімдік майымен де жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету. Майлы дақылдар өнімдерінің жалпы түсімін таяу жылдарда 750-800 мың тоннаға дейін жеткізу қажет. Қолда бар деректер бүгінгі таңда өсімдік майының өзімізде өндірілетін көлемі ішкі сұраныстың 14-18 пайызын, ал өнімділігі жоғары болған жылдары 25 пайызын ғана құрайтынын көрсетуде. Тұтынушылар сұранысын қамтамасыз ету үшін, өсімдік майын шет мемлекеттерден үлкен көлемде сатып алуға мәжбүрміз. Сол себепті майлы дақылдарды өсіру, оның ішінде мақсары майын өндіру көлемін арттыру өзекті мәселеге айналып отыр. Айта кету керек, мақсары – Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында егіс көлемі жылдан-жылға дамып келе жатқан майлы дақылдардың бірі. Ол көп еңбек сіңіруді қажет етпейді, тұзға, қуаңшылыққа шыдамды дақыл ретінде арнайы алқапта ауыспалы егістікке оңай енгізіледі. Біздің облысымыздың климаттық жағдайы оны өсіруге әбден қолайлы. Мақсары дақылын өсіруін өсіреміз-ау, алайда оның дәнінен майды сығымдау әдісімен толық сығып шығару мүмкін емес. Бұл да шаруалар еңбегінің толық қайтарым бермеуіне әкеліп соғып жатады. Жмыхтың бетінде әр уақытта да жұқа май қабаты қалып қойып отырады. Майды ысырапсыз толық алудың тек бір ғана жаңа жолы бар, ол – ерітіндіге айналдыру жолымен дәннен май айырудың жаңа экстракциялық әдісін қолдану. Өндіріс орындарындағы осымен байланысты шығынының жоғарылығы сығымдау кезінде майдың дән қабықтарымен, жмыхпен бірге кетуімен түсіндіріледі. Май айыруда ерітінді ретінде экстракциялы бензин мен гексан қолданылады. Бүгінде өнеркәсіпте қолданылып жүрген ерітінділер химиялық тұрғыдан таза заттар емес. Сондықтан да олардың қайнау температурасы 12-150С аралығында болуға тиіс. А және Б бензиндері химиялы инертті және аппаратты шірітпейді, бірақ та олар өртке және жарылысқа бейім. Сондықтан да экстракциялық цехтарда өртке және жарылысқа қарсы ережелер мен нормалар қатаң сақталуы керек. Бензин булары өте улы, осыған байланысты бұл ерітінділермен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережелерінен ауытқымау жөн. Елімізде және шет елдерде май өндіру ісінде экстракциялық бензиндерден басқа да ерітінділер қолданылады. Олар – хлорланған алифатты көмірсулар, хош иісті көмірсулар, сондай-ақ, алифатты спирттер мен кетондар. Бұл ерітінділердің барлығының да өзіндік ерекшеліктері мен кемшіліктері бар. Май айыру үдерісі кезінде ерітінді материалдың ішіне еніп, айналасындағы майды ерітіп, сыртқа айдап шығады. Ерітінді мен майдың араласуы неғұрлым жақсы, температура жоғары болса, онда экстракция үдерісі де жедел жүзеге асады. Мақсары майын экстракциялауда негізінен материалды қарама-қарсы ағып тұрған ерітіндіге салу, өңделетін материалды біртіндеп (текпішек) ерітіндіге салу, араласқан әдіспен, яғни, материалды ерітіндімен ылғалдандыру, текпішек әдісімен майын алу және таза ерітіндіге салу секілді үш әдіс қолданылады. Материалды қарама-қарсы ағып тұрған ерітіндіге салу әдісінің артықшылығы – экстракция жылдам жүреді және майды бөлуге аз уақыт кетеді. Қорыта келе айтарымыз, мақсары майын экстракциялауға арналған ерітінділердің майды жылдам және жақсы еріту мүмкіншілігі жоғары болуы қажет. Үдеріс кезінде майдан басқа қоспалар ерімеуге тиіс, сондай-ақ, экстракция жүретін аппаратқа да зияны тимеуі керек. Май өндіру зауыттарында кеңінен қолданылуы үшін ерітінділер экономикалық жағынан қолжетімді, бағасы қымбат болмауы керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде елімізде мұндай талаптарға толық сәйкес келетін ерітінділер жоқтың қасында. Ал ұсынылып отырған экстракциялық әдіс мақсары майын өндіруде жалпы өнімділікті 25 пайызға дейін жоғарылатып, сақталу мерзімін де едәуір ұзарта алады.

Айгерім ТОЛЫСБАЕВА, ТИГУ-дың студенті.