Таласта көңіл тасытар тірлік көп
Таласта көңіл тасытар тірлік көп
Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өзінің бірқатар орынбасарлары және басқарма басшыларымен бірге Талас ауданының бірқатар әлеуметтік нысандары мен өндіріс орындарын аралады. Әуелі Ақкөл ауылдық округіндегі қайта пайдалануға берілген 10 төсектік аурухананың жай-күйімен танысқан Кәрім Нәсбекұлы онда ем алып жатқан науқастармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрады. – Ауылымыздан жатып ем алатын аурухананың ашылғаны өте жақсы болды. Осыған дейін басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, аудан орталығына сабылушы едік. Қазір осында-ақ емделіп, денсаулығымыз жақсарып жатыр. Мұндағы дәрігерлер мен медбикелер де жақсы. Өткен жылы ауылымызға ауызсу тартылып бір қуанып едік, биыл аурухана пайдалануға беріліп қуанышымыз еселене түсті. Игілігін көріп жатырмыз, – деп ағынан жарылған ем алушы Құлхан Илиясқызы өз ризашылығын жеткізді. – Бұрын аудан орталығы болған Ақкөл қазір аудандағы ірі ауылдық округтердің бірі. Бұл нысан кезінде үлкен қос қабатты аурухана болатын. Аудан орталығы ауысқан соң бірқатар мекемелер де Қаратау қаласына көшіріліп, бұл ғимарат та қаңырап қалған еді. Халықтың сұранысымен осы ауруха-наны 10 төсектік етіп қалпына келтіріп, пайдалануға бердік. Бірнеше жаңа жұмыс орындары да ашылды. Өйткені Ақкөлдің айналасындағы Сәду Шәкіров, Бостандық, Үшарал, Амангелді, Ойық, Қызыләуіт секілді ауылдардың да тұрғындары бұл аурухананың игілігін көретін болады. Мезгілсіз науқастанып қалған адамдар аудан орталығы Қаратауға жеткенше уақыт жоғалтпау үшін осында жеткізіледі, – деген Кәрім Нәсбекұлы келер жылы Ақкөл, Қызыләуіт, Көшек, Үшарал ауылдарына газ жеткізілетінін, бұл орайда газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқандығын айтты. Бұдан соң аймақ басшысы Қызыләуіт ауылдық округіне бет бұрды. Жолай «Байымбет баба» шаруа қожалығының жайылып жүрген бір отар қойының тұсына тоқтап, аудандағы төрт түліктің күйлі екенінен хабардар болды. Аталған шаруа қожалықтың екі мың бас қойы бар болса, оның 1800-і аналық екен. 620 бас ірі қара, 200 жылқысы тағы бар шаруа қожалық малын қыстаудан көктеуге айдапты. Осы ретте аудан әкімі Болат Рысмендиев өңірдегі малдың қыстан аман-есен шыққанын, мемлекеттік «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының игілігін көріп келе жатқанын атап өтті. Аталмыш ауылдық округтегі «Ақтөбе» мешітіне бас сұғып, әруақтарға Құран бағыштауға қатысқан Кәрім Нәсбекұлы ондағы жиналған жамағат пен имамға жергілікті жастардың діни сауаттылығын арттырып, теріс ағымдарға түсіп кетуден сақтандыру керектігін түсіндірді. Үшарал ауылындағы орта мектептің жай-күйін барлаған облыс әкімі 1276 орындық білім ордасының ғимаратының бір бөлігіндегі «Ұлбике» балабақшасының да жұмысымен танысты. Балабақшаның ауқымын арттыру, бүлдіршіндердің жазғы ойын алаңшасын кеңейту секілді жұмыстарды ыңғайлы түрде үйлестіру керектігін тапсырды. Сондай-ақ ауылдағы қолданысқа берілген спорт алаңы мен салынуы жоспарланып отырған спорт кешенінің, жөндеу жұмыстары жүргізілетін Е.Үдербаев және Абай көшелерінің құрылысынан да хабардар болды. Ауыл тұрғындарының бірқатар өтініш-тілектеріне де құлақ түрді. Аудандағы іргелі өндіріс орындары «Талас инвестмент компани», «Қаратау ПРО», «Жамбыл недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болған Кәрім Нәсбекұлына зауыт басшылары өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын, алдағы жоспарлары туралы кеңінен айтып берді. Қаратау қаласы «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жыл сайын дамып, көркейіп келеді десек, ондағы атқарылып жатқан игілікті істердің нәтижесін халық сезінуде. Соның бір дәлелі, бір кездері қаңырап бос қалған көп қабатты үйлердің қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуі. Қаладағы 3-мөлтек аудандағы №51 үйдегі 120 пәтерлі тұрғын үйдің қайта жөндеуден өтіп, жаңартылғаны талай баспанасыз жанұялардың қуанышына сеп болмақ. Өткен жылдың тамыз айының ортасында бастау алған жөндеу жұмыстарын мердігер «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні толығымен аяқтап үлгерген. Тек енді ауласының абаттандырылу жұмыстары қалған көп қабатты үйдің жобалық құны 282 893 мың теңгені құраған. Жылы, жинақы пәтерлерді аралап көрген өңір басшысы серіктестік басшысына алғысын білдіріп, ісіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар тиісті басшыларға көп қабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру ісін тезірек, тиянақты атқару керектігін тапсырды.
Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.