Су қоймалары берік. Селден қауіп жоқ
Су қоймалары берік. Селден қауіп жоқ
бірақ қол қусырып, қарап отыруға тағы болмайды
Биыл өңірімізге қар жеткілікті мөлшерде түсті. Көктем де жауын-шашынды болып тұр. Еріген қар суы мен мол жауын-шашыннан өзен-көл деңгейі көтеріліп, сел мен тасқын қаупі де күтілуде. Орын алуы мүмкін мұндай төтенше жағдайларға қаншалықты әзірміз? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осыған байланысты жұмыс сапарын Т.Рысқұлов ауданынан бастады. Ол Ақбұлым ауылдық округіндегі «Бәйтелі» су қоймасының («Новое» көлінің) бүгінгі жағдайымен танысты. Бұл көлдің сыйымдылығы 5 миллион текше метрді құрайды. 2013 жылы 6,5 миллион теңгеге жөндеуден өткен. Қазір мұнда 3 миллион текше метр су жиналып тұр. Секундына 1,5 текше метр су жіберілуде. Жергілікті атқарушы органдар басшыларының айтуынша, бұл су қоймасынан келер қауіп жоқ. Осы орайда облыс әкімі: «Қауіп жоқ деп қол қусырып, текке қарап отыруға болмайды. Жақын маңайда ауыл бар. Көлдің басына тұрақты күзет қойып, жағдайды тұрақты бақылауда ұстаңыздар», – деп жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді. Мұнан соң облыс басшысының сапары Шу ауданында жалғасты. Тасөткел ауылдық округі аумағында орналасқан «Қайыңды» су бөгетінің сыйымдылығы 0,35 миллион текше метр. Қазіргі таңда мұнда 0,20 миллион текше метр су жиналған. Судың қоймаға құйылуы секундына 0,2 текше метрді құрайды, сыртқа ағатын су да осы шамада. Мұндағы жағдайдың барысын екі жұмысшы тұрақты бақылауда ұстап отыр. Кәрім Нәсбекұлы бұл су қоймасының жай-күйімен де танысып, қауіпсіздігіне көз жеткізді.
Облыс басшысы Шу ауылдық округі аумағындағы «Тасөткел» су қоймасында да болып, жағдайға қанықты. Бұл қоймаға 600 миллион текше метр су сыяды. Бүгінгі таңда жиналған судың көлемі 370 миллион текше метр. Сырттан секундына 99 текше метр су келуде. Төменгі арналарға жіберіліп жатқан судың көлемі секундына 75 текше метрді құрайды. Мұнда бүгінде 12 адам еңбек етеді. Қоймадан маңайдағы елді мекендерге келер еш қауіп жоқ. «Тасөткелдің» жағдайынан жан-жақты хабардар болған облыс әкімі сол жерде сала мамандарынан жұмыс барысын сұрады. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов, Шу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Жақсыбеков аудандағы су қоймалары туралы мәлімет беріп, «Ақсу», «Алтай», «Бұланбай» су қоймаларында да ешқандай қауіп тудырарлық мәселе жоқ екенін айтып өтті.
Өзінің аудандарға жұмыс сапарын осы жерде қорытындылаған Кәрім Нәсбекұлы БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат берді. Ол өз сөзінде су қоймаларының бірқатарын өз көзімен көргенін, жағдайдың қалыпты екенін атап өтті. Сондай-ақ, биыл Киров су қоймасынан да ешқандай қауіп-қатер күтілмейтінін, Қырғыз елімен арада алдын ала келісімдер жасалғанын, диқандардың көктемгі егіс-дала жұмыстарына алаңсыз кірісуіне мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов, Шу аудандары.