Қытай ешқашан қазақ халқының құқықтарына қысым жасамайды - елші Чжан Ханьхуэй
Қытай ешқашан қазақ халқының құқықтарына қысым жасамайды - елші Чжан Ханьхуэй
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэйдың айтуынша, екі елдің арасындағы өзен-суларды бөлу мәселесін шешу үшін нақты принциптерді анықтап алған жөн.
«Әрине, Қытай мен Қазақстан арсындағы трансшекаралық өзендер көп. Соның барлығы - ортақ байлық, құдайдың екі халыққа берген несібесі. Ол - бір. Екіншіден, біз осы мәселе бойынша тығыз жұмыс істеп келеміз. Ашығын айтайын, ондай мәселе біздің барлық көршілес елдерімізбен бар. Алайда тек Қазақстанмен ғана өзен-суларды бөлу бойынша келіссөздерді бастап отырмыз. Иә, оны кеш бастадық, бірақ бәрінен бұрын нақты бір нәтижеге жететін түріміз бар. Ол келіссөздер сәтті аяқталады деп білемін. Біз әрқашан Қазақстанның мүддесін ескеретін боламыз. Қытайдың басшылығы әу баста ешқашан қазақ халқының құқықтарына қысым жасамайтынына уәде берген», - деді Ханьхуэй мырза бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, бүгінде трансшекаралық өзен суларын бөлу кезінде ғылыми тұрғыда сол судың нақты көлемін есептеп шыққан жөн. Қазіргі жаһандық жылымықты да ескеру керек. Суды бөлудің нақты принциптерін анықтау қажет. «Мәселен, Қазақстанда құрғақшылық болғанда біз өзіміздегі су тоғандарын бірден ашып тастап, барлық суды жібердік. Сонда сіздер бір ғана қоңырау жасадыңыз. Біз болсақ, бірден су тоғандарын босаттық. Міне, достық, өзара сенім деп осыны айт. Қазіргі келіссөздер достық пен өзара сенімге негізделуі керек», - деп атап көрсетті елші. Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Чжан Ханьxуэй «Астанадағы ЭКСПО кезінде қытайлықтарға жатын орындар жетіспеуі мүмкін» деген ойын жеткізді. Елші «қытайлық қатер» туралы мифті жоққа шығаруға тырысты. Сондай-ақ ол қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдың мәдени нарығындағы таңғажайып жетістігіне қатысты өз пікірін білдірді.
ақпарат көзі: kazinform.kz