Жаңару мен тазалық мерекесі
Жаңару мен тазалық мерекесі
Жыл құсындай сағындырып жеткен бұл күні Самарқанның көк тасы ериді дейді. Күн мен түн теңесетін жыл басы, қасиетті күнді жаңару мен тазалық мерекесі деп те жатады жұрт. Бұл күннен еңбек мерекесі бастауын алады. Көктемнің жаймашуақ күнінде даладағы дүбір қыза түседі. Дихан қауымы жер жыртып, егін салуды бастайды. Тал егу сынды атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрімізді жаппай жұрт болып жалғастыратын күн де осы. Бұлақтардың көзін аршып, жаппай тазалық жұмыстары жүргізіледі. Аула, көше бойлары ретке келтіріліп, күл-қоқыстан арылтылады. Көктемнің алғашқы айы – Наурыз келісімен жылдағы дәстүр бойынша барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан жергілікті жерлерде көктемгі көріктендіру-көгеріштендіру және тазалық бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітілген. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Данияр Смағұловтың айтуынша, бұл салада биыл да ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, 202063 түп тал-терек отырғызу, 21437 шаршы метр гүлзарлар мен 14700 шаршы метр көгалды алаң орналастыру, 1194 километр арық пен канал, 8237 километр көше тазалау, 947982 шаршы метр саябақ, скверлерді көріктендіру және 5043 тонна күл-қоқыс шығару ойластырылып отыр. Бұл мақсатқа қаралған 1 миллиард 161 миллион теңгенің 699, 526 миллион теңгесі абаттандыруға, 462,081 миллион теңгесі санитарлық-тазалыққа жұмсалмақ. Аз қаржы емес. Ендігі жерде қазына қаржысы әрбір тиынына дейін тиімді жұмсалса, өңіріміз жасыл желекпен көмкеріліп, жайнап, көріктене түсетін болады. Ауыл-аймақтар мен қалалардағы жеке секторлардағы тұрғын-жайлардың иелері де маңызды науқанға жауапкершілікпен қарап, үйлерін әктеп, аулаларын ретке келтіруі тиіс. Биылғы қыста ылғал мол түсіп, қар да қалың жауды. Сондықтан да арық-атыздар арнасын аршып, тазалау ісінде сергектік таныту керек-ақ.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».