Экономика

Жердің сәні – егін

Жердің сәні – егін

Дихандар енді бірер күннен соң көктемгі егіс науқанына құлшына кіріспек. Бұл іске шулық шаруалар да сақадай сай әзір. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданда аталмыш науқан 140 726 гектар алқапта қызу өрістемек. Оның ішінде дәнді дақылдардың үлесі 98 387 гектарды құрайды.

Жалпы, биыл аудан шаруалары егіс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Олар су үнемдеудің заманауи әдіс-тәсілдерін кәдеге жаратуда да ширақтық танытуда.

– Өткен жылы мұндай технология 880 гектар алқапта қолданылса, биыл ол 1060 гектарды қамтып отыр. Тамшылатып суару әдісін 11 шаруа қожалық қолға алды. Сол секілді қант қызылшасы мен жоңышқа егетін 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып суару технологиясын пайдаға жаратуға кірісіп кетті. Айта кету керек, биыл да қант қызылшасынан сапалы өнім жинап алу көзделуде, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Иманәлі Қоспанов. Биыл дәндік жүгері, картоп, бақша және күздік бидайдан басқа барлық дәнді дақылдардың егілетін жер көлемі өткен жылға қарағанда, біршама артатын болады. Күні ертең алқаптағы жер өңдеу жұмыстарына кірісетін 635 трактордың 603-і сақадай-сай әзірлік сапына да қойылған. Одан бөлек соқаның – 98, дән сепкіштің – 97, тырманың – 100, тұқым дәрілегіштің – 100, қопсытқыштың 97 пайызы науқандық жұмыстарға жарамды күйде. Науқандық жұмыстар үзіліссіз жүзеге асырылуы үшін наурыз айына 776 тонна дизель отыны бөлініп отыр. Мамыр айында бұған қосымша 300 тонна дизель отынын бөлу жоспарланған. Шаруа қожалықтары да бұл орайда мемлекеттен көрсетілген көмектің мол екенін айтады. – Менің иелігімде 187 гектар жер бар. Оның 55 гектарына көкөніс және 30 гектарға жуық жерге қант қызылшасын екпекпіз. Оған қоса, 100 гектардан аса жаздық арпамыз тағы бар. Егіс жұмыстары көлеміне қарай 10 тоннадай арзандатылған жанар-жағармай мен тыңайтқыштар аламыз деп жоспарлап қойдық, – дейді «Салима» шаруа қожалығының жетекшісі Әділхан Тажиев. Негізінен аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жердің 27214 гектары суармалы. Ауданда 2015-2019 жылдарға арналған көкөніс кластерін құру шаралары қолға алынып, бұл тұрғыда су үнемдеудің түрлі тәсілдерін тиімді пайдалану, суармалы егістік алқаптары көлемін одан әрі ұлғайту көзделуде. Соған сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Мәселен, Тасөткел магистралды каналының оң жақ жағалауындағы жерлерді суармалы алқапқа айналдыру үшін Ескі-Шу, Жаңа жол және Бірлікүстем ауылдық округтерінде өңірлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында 76,1 миллион теңгеге 23,5 шақырым жерге электр жүйесі тартылған. Қазіргі кезде аталған ауылдық округтерде 8 электр желісі қондырғылары жұмыс істеп тұр. Бағдарлама шеңберінде Ескі-Шу, Жаңа жол, Бірлікүстем ауылдық округтерінде 5365,81 гектар жерге инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету және 29,2 шақырым жерге қосымша электр жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды толықтай жүзеге асыру үшін аудандық бюджеттен 20 миллион теңге қарастырылған. Суармалы егістік алқаптарына инфрақұрылым тарту жұмыстарын «АлмазПроектСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады.

Шу ауданы.