Төлбасы!
Төлбасы!
наурыз қуанышы үшемнің дүние есігін ашуымен басталды
Жыл басы – 22 наурыз қарсаңында дүниеге үшем келді. Анасының есімі – Аида. Облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Талғат Толықбаев «үш батырдың» шала туғанына қарамастан, денсаулықтарының жақсы екенін айтты.
– Нәрестелер дүниеге келгенде бірінің салмағы 1 килограмм 400 грамм болса, қалған екеуінің салмағы бір жарым килограмға жуық болды. Олар алдымен интенсивті терапия бөліміне жатқызылды. Жасанды тәсілмен тыныс беріліп, түтікше арқылы тамақтандырылды. Он күннен кейін анасының қасына – патология бөліміне ауыстырылды. Қазір «батырлардың» денсаулығы жақсы. Бүгінгі күнге дейін 2 килограмм 340 грамм салмақ қосты, – дейді ол. Дархан, Ерхан және Шерхан деген атқа ие болып үлгерген «үш батырмен» Тараз қаласының жаңа әкімі Рүстем Дәулет те арнайы барып «танысты». Құрқол жетіп бармай, үшеуіне үш «тұлпар» – балалар арбасын сыйлады. Үшемнің әке-шешесі Мақсат пен Аиданың шаңырақ көтергеніне сегіз жыл болыпты. Мақсат – 5513 әскери бөлімінде қызмет етсе, Аида – білім беру мекемесінде кадр бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. – Күйеуім отыз үште. Өзім жиырма жетіге толдым. Біздің сәби исін аңсап жүргенімізге сегіз жыл болған. Перзент сүю үшін ем іздеп бармаған жеріміз қалмады. Алланың мейірімінде шек жоқ екен. Сөйтіп, бір перзентке зар болып жүргенде, үш ұлды бірден бере салды. Балалар шала туғанмен, перзентхана дәрігерлері медициналық көмектерін аяған жоқ. Әсіресе, бас дәрігер Айгүл Айтбаева мен орынбасары Талғат Жорабекұлына алғысымыз шексіз, – дейді Аида Жебегенова. Төрт түлікті қастерлеген ата-бабаларымыз отбасының тұңғышын да «Төлбасы» деп атаған. Сондықтан, 22 наурыз – күн мен түн теңелген кезде дүниеге келген батырлардың қадамын жақсылыққа жорып, «Төлбасы!» деп, сүйіншілеп жатсақ, оның еш сөкеттігі бола қоймас. Көп бала халқымыздың көгергеніне жақсы ғой.
Нұрым сырғабаев, «Ақ жол».
Тараз қаласы.