Сары қымыз сапырып, тамсандырған ауылым
Сары қымыз сапырып, тамсандырған ауылым
Дүние-тіршілік шуаққа бөленіп, нәсібін жерден терген дихандардың қарбалас тіршілігі басталатын әз- Наурыз да келіп жетті. 22 наурыз – жыл басы. Күн мен түн теңеліп, табиғаттың жаңарған сәті. Алты ай қысты артқа тастаған ел-жұрттың бір-бірімен, ағайын-туыс, жекжатымен амандық сұрап, көрісетін сәті де осы тұс. олардың бір-біріне: «Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын!» деп жақсылық тілейтіні, араздасқан ағайынның адамгершілігі зорлары кешірім сұрасып, татуласатыны да осы ай. Ата-бабаларымыз аса мән берген Наурыз мерекесінің маңызы сондықтан да өте жоғары.
Міне, осы Ұлыс күнін Көптерек ауылының тұрғындары да айрықша қуанышпен қарсы алды. Ауылда 2381 тұрғын бар екен. Аулалардан өріске өретін 24 мың қой, 800 жылқы, 2100 мүйізді ірі қара малын елдің берекесі дерсің. Еңселі мектеп, жаңа үлгідегі балабақша – ауылдың сәніне сән қосып тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан ауылдық амбулаторияның да пайдалануға берілетін күні алыс емес. 410 миллион теңгеге ауылға таза ауызсу әкелінбек. Ал ауыл әкімі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жеткілікті қаражат бөлінгендіктен, көше шамдарының самаладай жарқырап жанып тұратын сәті туғанын айтты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір ауыл төңірегінен-ақ осынша жақсылықты естіп қуанып қалдық. Елдің еңсесі көтерілгені жүздерінен де байқалады.
Ауылдың бас мал дәрігері Мейрамбек Самықов төрт түліктің төресі – жылқы малын өсірудің де шебері. Жеке меншігінде 8 жылқы болса, оның жартысы құлындапты. Бабын білгендігінен болар, мал төлінен шығын жоқ. Мейрамбектің әкесі Сейдіқұл кезінде әйгілі Кенен Әзірбаевтың серігі болған айтыскер, өнерпаз кісі екен. Кененнің замандасы ғұмыр кешкен ауылдан бүгінде Әсет, Рай, Дархан секілді жүйрік жас айтыскерлердің шығуы заңдылық па деп қалдық. Өзі үбірлі-шүбірлі он бауырымен таласып өскен Мәкең бұл күнде перзенттерінен 5 немере сүйіп отыр. Зайыбы Орал – математик ұстаз. Ауыл әкімі Қанат Телеуов бізді осынау қазанынан ет, сабасынан қымыз үзілмеген үйге қарай бастады. Мұнда шынымен берекенің, мерекенің тап үстінен түстік. Қазақы дәстүрмен ет асулы, сары сабада пісілген қымыз құюлы. Көршісі, ІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегері Бекжігіт Ермаханбетов деген ардагер де, оның өмірлік серігі Райхан апай да осында. Бекжігіт көкеміз ұзақ жыл колхозда егіс бригадасының бригадирі болса, Райхан апай қызылшашы болып еңбек еткен. Мейрамбек Самықовтың дастарханында қымыз, шұбат, сары май, құрт, ірімшік, бауырсақ жайнап тұр. Тіпті, ертемен етті де асып, дайындап үлгеріпті. Екі иінінен демалып жеткен самауырдың шайын айтсаңызшы! Сексеуілдің қызыл шоғына қайнаған. Мәкең баласы Күмісбекті де шаруаға үйретіпті. Келіні – Анар мектепте биология пәнінен сабақ береді. «Келін ата-ененің топырағынан...» – деп бекер айтылмаған-ау. Сейдіқұл ақынның бір жасар шөберелері Аянат пен Айару да дастархан басынан табылды. Бекжігіт атаның Наурыз мерекесіне орай берген батасына қол жайдық. Мәнді бата мағыналы өлеңдей есте қалды. Желіге құлын байлап, күбіде қымыз сапырған, төрт түлікті жайлаудың сәніне балаған бабаларымыздың дәстүрін, болмысын, кәсібін жалғастырған осынау ауыл тұрғындары алдын ала бірін-бірі Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма ақ тілектерін білдіріп жатты. «Бұл Наурыз – Шығыс халықтары, оның ішінде қазақ елі үшін үлкен мереке. Барша халық қуанып, ұлттық болмысымызды шынайы сезініп, тойлайды. Жас ұрпақтың бабалардан жалғасқан дәстүрімізді білгені, сезінгені қандай жақсы! Елбасының сарабдал саясатымен мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына өрлеп барады. Бүгінгі жас ұрпақ – бақытты ұрпақ. Еліміздің кемел келешегін солар көреді. Бүгін іскер азаматтар сол болашаққа еңбек етуде. Бірлік, тірлік, береке жеңіске бастайды. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болып, жастардың қолға алған істері жемісті бола берсін! Ақ мол болсын! – дейді еңбек ардагері Бекжігіт Ермаханбетов.
Байзақ ауданы.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.