Әлеумет

«Меркінің айранын ішіп, мейіріміз қанды» дейді жұрт

«Меркінің айранын ішіп, мейіріміз қанды» дейді жұрт

Дастан АЙТӨЛЕНОВ, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-ның директоры.

Біздің өндірген өнімдерімізге ешқандай қоспалар қосылмайды. Басты ерекшелігіміз де осы. Өйткені, халыққа таза табиғи өнім бергіміз келеді. Таза табиғи сүт пен айран – бұл біздің брендіміз. Сондықтан болар, бүгінде зауыт өнімдері облыстан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Сексен жылдық тарихы бар зауыт қайбір жылдары талай қиындықты бастан өткеріп, тіпті, жұмысын тоқтатудың аз-ақ алдында қалғаны баршаға аян. Зауыт 2005 жылы жеке меншік нысан түрінде қайта құрылымдаудан өтті. Содан бергі он жыл уақыт ішінде өндіріс ісін ширату, технологиялық тұрғыда жаңғырту жұмыстарына күш жұмылдырумен келеміз. Жетістіктер де жоқ емес. Бізге дейін жылына 500-700 тонна ғана сүт қабылдап, кәсіпорында аз ғана адам еңбек еткен екен. Енді, міне, соңғы он жылдың көлемінде зауыт аяғынан нық тұрып, мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруасын дөңгелентіп отыр. Ойтал ауылында орналасқан кәсіпорнымызда бүгінде 138 адам жұмыс істейді. «Даму» қорынан несие алып, нәтижесінде құрал-жабдықтардың 80 пайызын жаңартқанбыз. Жалпы, зауыт жылына 8 мың тоннаға жуық сүт қабылдап, 70-тен астам түрлі өнімдер шығару әлеуетіне ие болды. Өнімдеріміз экологиялық тұрғыдан өте таза саналады. Осыған байланысты Қазақстанның үздік тауарлары байқауында жүлдегер атандық.

Сиырдың суалған шағында өнім шығару көлемін азайтып алмау үшін көрші аудандардан сүт қабылдау орындарын ашқанбыз. Біздің өнімдеріміздің сапалылығына сенетін шаруашылықтар жер шалғайлығына қарамастан, өнімдерін зауытымызға үзбей тасымалдайды. Алдағы уақытта сүт қабылдау орындарын көбейту ойластырылып отыр. Сүтті көбінесе жеке сектордан, арнайы менеджерлер арқылы аламыз. Қазіргі уақытта күніне 13-15 тонна сүт қабылдаймыз. Ал жаз айларында бұл көрсеткіш екі есеге дейін көбейеді. Сүт көлемін қысы-жазы төмендетпеудің өзге де тиімді жолдары қарастырылуда. Осы мақсатта аудан әкімдігімен келісіп, 520 гектар жер алғанбыз. Ең бір атап өтерлігі, бұл жер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан. Аталған күрежолдың тірлігіміздің алға басуына көп көмегін тигізеді деп үміт етеміз. Осы аумақта өзіміздің тауарлы-сүт фермамызды салуды жоспарлап отырмыз. Аталған кешенде негізінен сүт бағытындағы қарала сиыр тұқымын өсірсек дейміз. Қаржы жағынан «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдау көрсетуде. Зауыт жұмысшылары күшімен 2016 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 1626 тоннаны құрайтын 584 миллион 621мың теңгенің сүт өнімдері өндірілді. Жергілікті бюджетке 17 миллион 267 мың 500 теңге салық төлемдерін аудару арқылы аудан экономикасының артуына да өзіндік үлесімізді қосып отырмыз. Мұның барлығы да бізде білікті маманның көптігімен, сапалы өнім шығарылуымен әрі олардың бағасы арзан болуымен де тікелей байланысты. Кәсіпорында мысалы қырық жылдан астам еңбек өтілі бар Тамара Шишкина сияқты мамандар еңбек етеді. Жұмысшылар үшін қолайлы жағдайлар жасау, еңбек қауіпсіздігін сақтау да ұдайы назарымызда. Соңғы жылдары сүттен бөлінетін сарысудан құрт жасап, тұтынушыларымызға ұсынуды да қолға алудамыз. Бұрын бұл сарысуды керек етілмей, көбінесе төгіп тасталынумен келген еді. Бұл сұйықтықтан жасалған құрттың денсаулыққа өте пайдалы екені дәлелденіп отыр. Құрамындағы дәрумен де жай құрттағыдан 10-20 есе көп. Бұған арнайы патент те алдық. Міне, мұның бәрі технологтарымыздың ұдайы ізденісте жүретіндігінің бір айқын дәлеліндей. Құрт, ірімшігімізді елдің күнделікті тұтынғаны былай тұрсын, соңғы кездері той дастарханынан да жиі көретін болдық. Мемлекет басшысы өзінің жуырдағы халыққа Жолдауында «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс» деп атап көрсетуі бізді жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп отыр. Бұл ретте ең алдымен қолынан іс келетін жандарға қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерге кең жол ашқан Елбасының дұрыс саясатына дән ризамыз. Қолға алған жұмыстарымыздың барлығы да елімізде шағын кәсіпкерлікке деген оң көзқарас қалыптасуының арқасында алға басуда. Елбасы алға қойған міндеттердің мүлтіксіз орындалуына үлесімізді қоса беретін боламыз. Меркі ауданы.