Ит жүгіртіп, құс салған...
Ит жүгіртіп, құс салған...
Бүркітшілік – бекзат өнер. Осы тұрғыда сөз бола қалса, алдымен мойынқұмдық Жапар Сатылғанов еске түседі. Мұнан соң Жамбыл ауданында тұратын Бауыржан Ешметовтің еңбегі айтылады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Өрнек ауылында тұратын байырғы құсбегіні үйіне арнайы іздеп барған едік. Бауыржан ағаның негізгі кәсібі – жүргізушілік. Ғұмырының біраз жылын «темір тұлпардың» рөлінде өткізген. Бұрынғы «Крупская» деп аталған ұжымшардың белді жүргізушілерінің бірі болды. Ал құсбегілік өнер – атакәсібі. Атасы – Тұрғанбай, өз әкесі – Ешмет те ит жүгіртіп, құс салған, құралайды көзге атқан сұрмергендер еді. Тіпті, нағашы атасы Әзімбетке де, оның бауырлары Бегімбет, Нарымбет, Күнімбайларға да құсбегілік өнер жат емес. Баукең төрт перзенттің ішіндегі жалғыз ұл бала екен. Сондықтан әкесі өзін құсбегілікке оқушы кезінен баулыған. Бала Бауыржан 6-сыныптан бастап осы кәсіпті жанына серік етіп өсті. Құс баптағалы да арада зымырап 60 жылға жуық уақыт өткен. Атадан жалғыз болса да, атакәсібін үзбей, жалғастырумен келеді. Ұзақ жыл облыстық құсбегілер құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Аудандық балалар-жасөспірімдер мектебінен арнайы үйірме ашып, шәкірттер баулыған. Олардың 5-еуі құсбегілік өнер бойынша спорт шеберлі атағын қорғап шығыпты. Еңбектің еленуі дегеніміз, сірә, осы болар. 69 жастағы байырғы бүркітші ісін ұрпағы жалғастыруда. Білгенге, бұл аса жеңіл өнер емес. Бүркітті таудан тор құрып ұстайды. Кейде балапанын қияға өрлеп барып, ұядан алады. Атасы қыран емес пе, бүркіттің қолға үйренуі өте қиын екен. Ашуланып, шоқып, бүріп, абайламаса адамды жарадар етуі де мүмкін. Ал осындай қиындыққа төзіп көр. Бүркітті аңға салған кезде де өте қырағылық керек. Түлкіге түскен бүркітті жылдам жетіп, тез ажыратып алған жөн. Өйтпесе, түлкі ретін тауып бүркітті теуіп үлгереді де, бұл жағдайдан соң құстың беті қайтып қалуы бек мүмкін. Бауыржан ағаның төрт ұлы – Нұржан, Ержан, Сержан, Мейіржан барлығы да тазы жүгіртіп, құс салады. Ал немерелері Тұрнияз, Шернияз да құсбегілік өнерге бейімделіп өсіп келеді. 6-сыныпта оқитын немересі Ғазизхан – өңіріміздегі ең жас құсбегі. Тағы бір немересі Кәусар да бүркіттің әр қадамын бақылауға құмар. Қысқасы, бұл әулет еңкейген кәрісінен еңбектеген сәбиіне дейін құсбегілік өнерді серік еткендер. Б.Ешметовтің «Үкіліқара», «Ботақара» аталатын бүркіттері, «Сары жебе», «Тұнжыр» атты қаршығасы үнемі республикалық құсбегілер байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр екен. Осынау қасиетті құстардың бабын табу да оңай емес. Олар таза ет жейді. Бір жақсысы, құсбегінің екі бүркіт, бір қаршығасының тамағы – мемлекеттің есебінен. Күніне әр құсқа жазда бір келіден, қыста жарты келіден қойдың еті қарастырылған. Ал біз Ешметовтің үйінен 4 бүркіт, 2 қаршыға көрдік. Яғни, өзге құстарына құсбегі етті өзі табады деген сөз. Ал бүркіттер ұдайы айқасқа түсуді тілеп тұрады. Оларды аңға салған сайын түлеп, шыңдала беретін көрінеді. Алайда, оларды бір жарысқа қатыстырудың өзі баптаушысы үшін 350 мың теңге көлеміндегі қаражатқа түседі екен. Құсбегінің арнайы шапаны, етігін тігу де назар аударуды қажет етеді. Аудандық спорт мектебі 350 мың теңгеге үш бүркіт құсқа арнап, жай соғып беріпті. Заңдылығы солай ма, құстар әр торда бөлек-бөлек тұр. «Қажетті қаржыны бөліп, спорт саласына жауапты мамандар бізді жарысқа жиі жіберіп тұрса деген тілегіміз бар», – деді құсбегі Б.Ешметов. Баукең құсбегі ғана емес, ауданға белгілі көкпаршы да екен. Ол өнері ұлдары мен немерелеріне де дарыған. Сержаны көкпардан Алматы облыстық жастар құрамасының мүшесі. Аулада көкпардың 4-5 аты байлаулы тұр. Нағыз қазақ деп осындай кісілерді айтатын шығар. Атакәсіпті жалғастырып, ұлттық өнерімізді дамытып жүрген Ешметовтер судың тілін білмесе де, құстың тілін біліп тұр. Әулетімен құсбегі атанған отбасын мерекелерде құсымен алып кетіп, журналдарға шығарып, теледидарға түсіретіндер де аз емес. Ал осындай ұлттық өнерімізді ұлықтаушыларымызбен Наурыз мерекесінің мәні мен маңызы ашыла түсетіні анық.
Жамбыл ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.