Саясат

Өтініш, тілек артында өмір бар

Өтініш, тілек артында өмір бар

Облыс әкімі есебінде көтерілген мәселе ескерусіз қалмайды

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс әкімі 2013 жылдың қорытындысы бойынша биылғы 19 ақпанда тұрғындар алдында есеп бергені белгілі. Есеп беру жиыны барысында барлығы 15 азамат өз өтініштері мен тілектерін білдірген болатын. Сонымен қатар, облыс аумағында арнайы қойылған жәшіктерге тұрғындардан 17 өтініштер мен тілектер түсіп, оларға мерзімінде жауаптар берілді. Облыс тұрғындарын толғандырып жүрген өтініш-тілектердің 26-сы арнайы іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бақылауға алынса, шешілуі орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың құзыретіне жататын мәселелер Өңірлік даму министрлігіне жолданды. Бұл мәселелер негізінен елді мекендерге ауызсу жүйесін жүргізу мен газ құбырларын тарту, жол жөндеу, мектептер мен балабақша, емханалар мен медпункттер құрылыстарын жүргізу, каналдарды жөндеу бағытында болды. Жалпы бақылауға алынған мәселелердің бүгінгі таңға бесеуі орындалды. Атап айтқанда, Т. Рысқұлов ауданы Юбилейное ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің орнына республикалық бюджеттен 300 орынға арналған мектептің құрылысына биылға 210,3 миллион теңге, Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылына 280 орынға арналған балабақша құрылысына 100 миллион теңге қаржы бөлу мәселесі өз шешімін тапты. Аталған нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші болып табылмайтын қызметкерлерінің, сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына ерекше еңбек жағдайлары үшін 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы төлеуге 3,7 миллиард теңге, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға 96,8 миллион теңге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 189,7 миллион теңге, 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақылар төлеуге 60 174 мың теңге көлемінде нысаналы ағымдағы трансферттер бөлінді. Биыл сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтудың картасы дайындалды. Аталған картаға сәйкес, осы жылы барлығы 600 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Биылғы 1 мамырға дейінгі мәлімет бойынша 257 мүгедек жұмысқа орналастырылды, олардың 153-і тұрақты жұмыстармен қамтылып, 66-сы ақылы қоғамдық жұмыстарға, 24-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған, 14-і жастар тәжірибесіне жіберілді. Меркі ауданындағы «Қазпошта» бөлімшесінің жұмысын жақсарту және тұрғындарға газет, жорналдардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету туралы аудан тұрғындарының тілегі де оң шешімін тапты. Жоғарыдағы сын-ескертпелер «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшы құрамымен өткен арнайы жиналыста талқыланып, нәтижесінде өз лауазымдық міндеттерін атқаруда салғырттық танытып, баспасөз өнімдерін жеткізу бойынша бақылауды әлсіреткені үшін торап басшысы мен оның орынбасарының лауазымдары төмендетілді. Одан бөлек, арнайы жұмыс тобы жергілікті пошта қызметкерлерімен тренингтер, аудан тұрғындарымен кездесулер өткізді. Жұмыс тобының ескертулері мен ұсыныстарының негізінде жұмыс сапасын жақсарту бойынша биылға арналған іс-шаралар жоспары жасалды. Бүгінде пошта жұмысы ретке келтірілді. Сол сияқты, бақылаудағы басқа мәселелер бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынып, атқарылуда. Мысалы, шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстары Меркі, Сарысу және Талас аудандарында атқарылып, 168 шаруашылық іріленген. Байзақ және Қордай аудандарында 22 шаруашылық бірікті. Сүт өнімдері көлемін арттыру, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралды тас жолының бойында 100 жанұялық типтегі шағын тауарлы сүт фермаларын құру белгіленген. Бүгінде жер телімдерін бөлу, қаржыландыру бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,3 пайызын алып жатыр. Орман қорғау шараларын ұйымдастыру жұмыстарымен облыс аумағында 14 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі айналысуда. Ағымдағы жылдың 4 айында заңсыз ағаш кескені үшін 29 хаттама мен кесім толтырылды. Заңсыз кесілген орман ағаштарының көлемі 31,6 текше метр, тәркіленгені 22,3 текше метр. Заң бұзушыларға 183,9 мың теңге айыппұл салынып, оның 166 мың теңгесі немесе 90,2 пайызы өндірілді, келтірілген зиян көлемі 195,3 мың теңге, өндірілгені 152 мың теңге немесе 77,8 пайыз. 8 іс құқық қорғау органдарының қарауына берілді. Оның ішінде 2 іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, қаралды. Соттың шешімі бойынша 2 заң бұзушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. Сексеуіл ормандарын сақтау және табиғат қорғау заңнамасын бұзуға қарсы күрес бойынша іс - шаралар жоспары бекітілген. Сондай-ақ, облысішілік, ауданаралық (қалааралық) бағыттарда қызмет көрсететін 72 автобус және Тараз қаласында бірқатар маршруттардағы 96 автобусқа навигациялық GPS жүйесі орнатылды. Ауыл тұрғындарын мазалап жүрген мәселенің бірі – мал ұрлығының көбеюі болатын. Бұл бағытта жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлескен кешенді шаралар жалғасуда. Нәтижесінде, ағымдағы жылғы алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша (өткен жылмен салыстырғанда) облыс көлемінде мал ұрлығының саны 24,2%-ға төмендеген (219-дан 166-ға дейін). Сонымен бірге олардың ашылу көрсеткіші де 5,6%-ға ұлғайған (21,4%-ден 27,0%-ға дейін). Мал ұрлығына тиімді қарсы күрес жұмысын жүргізу және кең ауқымды бақылау жасау үшін енгізілген «Қасапшы» электрондық базасы жүзеге асырылуда. Бұл мал ұрлығын уақтылы анықтау мен оның өткізу орындарын табуға мүмкіндік береді. Әкім есебінде көтерілген басқа да мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Олардың орындалуы облыс әкімі аппаратының тұрақты бақылауында.

Облыс әкімінің аппараты