Уссури бойындағы ұрыс
Уссури бойындағы ұрыс
Даманск оқиғасына 45 жыл толды. 1968 жылы қараша айында әскерге шақырылып, азаматтық борышымызды өтеу үшін біз Алматыдан пойызға отырып, Қиыр Шығысқа жол тартып кеттік. Он екі күн дегенде Хабаровск қаласына жеттік. Жол-жөнекей Иман (Дальнореченск) қаласында түсіп қалдық. Ол жерден 40-50 жігіт (Филино) Иман қаласынан 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан әскери қалашыққа, №199 атқыштар полкіне келдік.
Сол жылы қыс суық болды. Бір айдың көлемінде әскери өмірмен танысып, 1968 жылдың 15 желтоқсанында әскери ант қабылдап, 3-ші батальонның 8-ші ротасының 1-ші взводында әскери борышымды өтеуге кірістім.
Қыс айлары өткені сол еді, полк қысқы әскери жаттығуға аттанып кеттік. Әскери тілмен айтқанда, шекарадан бірнеше ондаған шақырымға алыстап кеткенбіз. Полк командиріне суыт хабар түсіпті. 2 наурызда таңғы сағат 4-тен кете Қытай билігі Нижне-Михайловка шекаралық пункті, Уссури өзені аумағындағы Даманск аралында арандатушылық әскери қақтығыс ұйымдастырған. Нижне-Михайловка заставасы Иман қаласынан 60 километр қашықтықта орналасқан. Қытайдың қарулы отряды мемлекеттік шекараны бұзып, Даманск аралына бет алған. Біздің ротамыз БТР-мен жүріп, Даманск аралының жанына, өзімізге белгіленіп берген 3-ші батальонның, оның ішінде 8-ші ротаның 1-ші взводына тиесілі учаскіге келіп орналастық. Ну орман (тайга). Бізге әскери шенді командирлер Уссури өзенінің жағасында, ар жағында Даманск аралы деп түсіндіріп, оқ-дәрі, масхалат беріп, окоп қазыңдар деп бұйырды. От жағуға, темекі тартуға қатаң тыйым салды. Взвод командирі бізге БТР-ға отырыңдар деп бұйырды. Ойымызда ешнәрсе жоқ, 4 наурыз күні Нижне-Михайловка шекаралық пунктіне келдік. Шекарашылардан не болды деп сұрадық. Олардың айтқаны, заставаның бастығы аға лейтенант Стрельников топ солдаттарымен шекараны, бұзған бұзақылар – хунвейбиндерге қару қолданбай шекарадан өткізбей, тосқауыл қойыпты. Осы жолы да, солай болады деп ойлаған болу керек. Бірақ та біздің шекарашылар барған кезде алдыңғы қатары екінші қатардағыларға жол ашып берген. Олар қаруларын тақап тұрып бәрін атып салған. Аға лейтенант Стрельников және 13 шекарашыны айуандықпен өлтірген. Команда беруді кіші сержант Юрий Бабанский өзі қолына алып, қытай солдаттарымен шайқасқан. Көрші заставадан аға лейтенант Виталий Бубенин басқарып, 20 шекарашы БТР-мен көмекке келіп, қытайлықтардың тобын және командалық пунктін жойып жіберіпті. Қалғандары шегініп кетіпті. Шекара пункті (заставада) сарайында ақ жаймаға оралған 18 шекарашының өлі денелері жатты. Көбін Нижне-Михайловка шекара заставасына, қаруластар зиратына жерледі. Біз сол жерлеуге қатыстық. Өрімдей жас жігіттер елін, жерін қорғап көз жұмды. Бабанский мен Леонов сөз сөйледі қаралы митингіде. Шекара заставасы Уссури өзенінің жағасында, биік таудың үстінде орналасқан. Өзеннің арғы жағында Қытай заставасы көрініп тұр. Көз ұшында Даманск аралы көрінеді. Уссури өзенінің ортасында, ені 500 метр, ұзындығы 1,5 километр. 8-ші ротаның 1-ші взводына тиесілі учаскіге келіп, қайтадан орналастық. Өзеннің бойы түгел әскерлер. 15 наурыз күні тағы күшті соғыс болды. Біз әрқайсымыз тиесілі учаскіден қытай солдаттарын өткізбеуіміз керек. Қаңғыған оқтар төбемізден, жанымыздан суылдап өтіп жатыр. Түнде де, күндіз де көз ілмей ақ қар, көк мұзда окопта жаттық. (Соның зардабын қазір тартып жүрміз, денсаулығымыз сыр бере бастады). Өзімізге тиесілі учаскіден ешкімді өткізбедік. 16 наурызда «Град» зеңбірегі-зымыранымен аумағын 10 минуттай атқылап, әскерлерін талқандап, быт-шытын шығардық. Екінші рет қайтып олар біздің шекараға бас сұқпайтын болды. Ол кезде құпия қару болатын. Даманск соғысында 2-16 наурыз аралығында совет жағынан 58 адам өліп, 94 адам ауыр жарақат алды. Қытай жағынан 800 адам өлген. Біздің полктен 9 адам көз жұмды. Нижне-Михайловка заставасының бастығы, аға лейтенант Иван Стрельниковқа, Иман шекара отрядының бастығы, полковник Д. Леоновқа (қаза тапқан соң), аға лейтенант Виталий Бубенин және кіші сержант Юрий Бабанскийге Совет Одағының Батыры атақтары берілді. Біздің №199 полктің кіші сержанты В. Ореховқа Совет Одағының Батыры атағы қаза тапқан соң берілді. Мен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдым. Президентіміз Н. Назарбаевқа біз шексіз ризамыз. Өзінің №2247 Жарлығымен 1995 жылы 28 сәуірде біздің мәртебелерімізді (статус) Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатарына қосты. Ел Үкіметі басшысының №161 қаулысында 2001 жылдың 31 қаңтарынан Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бір қатарда тұрамыз. Біз сол соғысқа қатысқанда 18-19 жастағы жастар едік. Әкелеріміз сияқты қолымызға қару алып, Отанымызды, елімізді, жерімізді қорғадық. Даманск пен Жалаңашкөл қақтығысын кейінгі ұрпақ та ұмытпаса екен деген тілегіміз бар.
Керімқұл Сүлей, Даманскі соғысына қатысушы.
Жуалы ауданы.