Саясат

Адами капитал – баға жетпес байлық

Адами капитал – баға жетпес байлық

Әнуарбек Әймен, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы.

Елбасымыз айтып өткендей, тәуелсіз еліміз дамудың ширек ғасырында екі жаңару кезеңін өткерді. Біріншісінің нәтижесінде бүкіл әлемге танылған, дамыған және дамушы мемлекеттердің өзі құрметпен қарайтын әрі санасатын жаңа мемлекет құрылды. Біздің Президентіміз жүргізген саясат нарықтық экономика принциптерімен толық сәйкес келді. Еліміздің екінші жаңару кезеңі де жарқын сәттерге толы. Ол – «Қазақстан – 2030» Стратегиясы және Отанымыздың астанасы Астананың құрылуы, мемлекетіміздің дамыған 50 елдің қатарына енуі. Соның нәтижесінде біз жаңа межені белгіледік. Озық отыздыққа қарай ұмтылдық. Қазақстан Көшбасшысының бейбітшілікті сақтау жолындағы ұстанымдары дүниежүзіндегі беделді ұйым – БҰҰ-ның талаптарына сай болды. Мемлекетіміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайлануы – осы сөзіміздің дәлелі. Экономикалық өрлеудің жаңа үлгісі жаңа әлемде технологиялық тәртіптердің өзгеруіне байланысты болмақ. Сол себепті Президент Н.Ә. Назарбаев халыққа арнаған Жолдауының Қазақстанның Үшінші жаңғыруына арналатынын айтты. «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», – деп атап көрсетілген Елбасы Жолдауында. Мемлекетаралық экономикалық одақтардың құрылуы Қазақстанның әлемдік шаруашылық байланыс жүйесіне қосылуына жол ашты. Ендігі бағытымыз – «ақылды экономика». Біз ең алдымен адами капиталды дамытуымыз қажет. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесінде мемлекетіміз адами капиталға көп инвестиция жұмсады. Мыңдаған мектептер мен балабақшалар салынып, шетелдік жоғары оқу орындарына пара-пар жоғары оқу орындары ашылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында білікті кадрлар даярлау жүзеге асуда. Мемлекеттің байлығы табиғи немесе жиналған байлық емес, ең маңызды және баға жетпес ресурс бұл – адами капитал. Ұлт Көшбасшысы барлық бағдарламалық құжаттарында басты ресурсты дамытуға басымдық беру арқылы осыны айқын көрсетіп келеді. Барлық дамыған елдердің негізгі көрсеткіші де осы. Адами капитал экономиканың қарқынды дамуына және ғылыми-техникалық прогрестің жеделдеуін анықтайды. Қоғамның дамуының негізгі факторы – білімді инвестициялау. Біздің ұлттық экономикамыздың тұрақты дамуы қазіргі таңда адами капиталдың сапалық сипатымен, яғни, еңбек ресурстарымен, білім, интеллектуалдық құралдары арқылы интеллектуалды жұмыстарға тікелей байланысты болып отыр. Бұл ретте негізгі міндет жоғары білікті мамандарға жүктеледі. Білім жүйесінің рөлінің өзгеруі – тікелей кадрға байланысты. Экономикалық өрлеудің жаңа үлгісінің өзегі – білім. Жоғары оқу орындары ІТ – білімін құруға, қаржылай сауатты және жастарды патриотизмге тәрбиелеуге қабілетті болуы қажет. Ұлт Көшбасшысының саясаты халықтың жақсы тұрмысын қамтамасыз етуге негізделген. Мемлекеттік қолдау мұқтаж азаматтарға олардың нақты кірістерімен және өмір сүру жағдайы негізінде бағаланады. Ал қалғандары өз еңбектері арқылы табыс табуы қажет. Басты мақсат – әлеуметтік саясатта 2017 жылдан бастап адами капиталды дамытуды кең көлемді инвестициялау. Мемлекеттің тұрақты дамуына және экономикамыздың өрлеуіне тікелей әсер ететін басты фактор – адами капитал. Осы капиталды дамытудың арқасында ХХІ ғасырдың барлық мәселелерін лайықты шешудеміз. Бұл бізді әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға, өндіріс пен қайта өңдеу саласында жоғары жылу сақтау технологиясы мен Қазақстанның Үшінші жаңғыруын сәтті шешуге мүмкіндік береді.