Саясат

Бақытты болашаққа жасалған сәтті қадам

Бақытты болашаққа жасалған сәтті қадам

Дарья Бурмакина, облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Славянин» жастар қанатының жетекшісі.

Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде өзіндік даму жолымен ерекшеленген мемлекет. Бүгінде еліміздің ұстанған бағыты әлемдік саясатта да, әлемдік экономика саласында да мойындалған. Бұл жолда тәуелсіздігіміздің кепілі – Конституциямыздың маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтуіміз керек. Дегенмен, заман жаңғырды, біз де жаңа кезеңге батыл қадам жасауымыз қажет болды. Конституциялық реформа – жаңаша жаңғыру кезеңі десек, артық айтпаймыз. Бұл қадам мемлекетімізді дамытуға серпін береді. Жаңа саяси реформаны жүзеге асыруға әрбір қазақстандық өз үлесін қосты. Себебі Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жобасы қаңтар айының 26-сы мен ақпан айының 26-сы аралығында бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып, кез-келген азаматтың, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың өз пікір¬лерін, ұсыныстарын айтуға толық мүмкіндік берілді. Біз нақты саяси реформаны жүзеге асырғалы отырмыз. Бір нәрсені баса айтуымыз керек, елімізде президенттік басқару жүйесі сақталады. Бірақ Үкімет пен Парламентке қосымша өкілеттілік пен жауапкершілік жүктелді. Тарихи шешімді қабылдар алдында, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында Елбасымыз: «Мемлекет құрылымына ұсынылған өзгерістер қоғамымызды демократияландыру ісін күшейтіп, халық билігінің негізін одан әрі нығайтуға, Парламенттің рөлін, Үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Реформаның түпкі мәні де осында жатыр. Бұған қоса, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің конституциялық негізі жаңғыртылады, конституциялық қадағалау жүйесі жетілдіріледі. Конституциялық құрылымымыздың мызғымастығына деген кепілдік те бекем бола түседі», – деп атап өтті. Рас, демократияландыру тұрғысынан алып қарасақ, бұл – расында да ілгері жасалған қадам. Конституциялық жаңа реформа арқылы біз президенттік билікті сақтай отырып, халықтық биліктің күшейтіліп, Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі арттырылғанын аңғардық. Бұл өзгерістер мемлекетіміздің жаһандану жолындағы қадамдардың негізгі бастамасы. Себебі либералдық қоғамда адамға қажетті бостандықтар, әсіресе экономикалық бостандық ауадай қажет. Бұрынғыдай әкімшілік жүйе басым болып тұрған шақта осы мәселелер мен азаматтық қоғам институттарының дамуына мүмкіндік аз еді. Енді міне, әкімшілік жүйе жұмсарып, Парламенттің рөлі арттырылып отыр. Бір қуанарлығы – заң жобасы талқыланғанда биліктің халықпен санасатыны айқын көрінді. Оған қоғамда әрқилы пікірлердің туындауына себеп болған Ата Заңымыздағы 26-бапқа қатысты өзгерістің енгізілмей, аталмыш бап бұрынғы редакциясында қалдырылуы дәлел бола алады. Елбасы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енді елімізде жаңа дәуір басталады.