Саясат

Ел экономикасы аграрлық салаға үлкен сенім артады

Ел экономикасы аграрлық салаға үлкен сенім артады

Бақытхан ӘБЖАПАРОВ, аудан әкімінің орынбасары.

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан мол тәжірибесі мен қолайлы климаттық жағдайын ескерген Елбасы Н.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында экономикамыздың жаңа драйверіне айналуы тиіс, өзекті саналатын агросекторға айрықша тоқталғаны белгілі. Осы орайда, тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау жылдардың өкпек желіне төтеп берумен қатар, аграрлық саланың қыр-сырына барынша қаныққан меркілік шаруалар бұл күндері агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолында аграрлық ғылыми зерттеулер мен әлемдік инновациялық жаңа технологияларды тереңдете меңгеру арқылы оң нәтижелерге қол жеткізуде.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 20 миллиард 459,9 миллион теңгенің өнімін өндіріп (салыстырмалы түрде келтірсек, бұл көрсеткіш 2015 жылы 14 миллиард 716,6 миллион теңгені, ал, 2014 жылы 11 миллиард 929 миллион теңгені құраған), облыс бойынша алдыңғы орыннан көріндік. Оның ішінде Үкімет назарындағы қант қызылшасын өсіру жайына келсек, соңғы жылдары елімізде шетелдік шикізат импортына тәуелділік азайып, сапалы қант экспорттауға құлшыныс артуда. Бұл іске ерекше серпінмен кіріскен меркілік диқандар 2016 жылы 746,5 гектар алқаптан 23695 тонна балтамыр жинап, гектар қайтарымы 317,4 центнерді құрады. Бұл облыс аумағында жиналған қант қызылшасының төрттен бірі екені белгілі. Жекелеген шаруа қожалықтарының, тіпті 450-900 центнерден өнім алуын ең алдымен «Трансфер» шаруа қожалығындағы заманауи тамшылатып суару (өнім әр гектардан 890 центнерден айналды), «Сыпатай батыр» серіктестігіндегі жаңбырлатып суару (әр гектар қызылша 504 центнерден өнім берді) қондырғыларының тиімділігімен, сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзі мұрындық болып, облыстық бюджеттен қаражат бөліп, сатып алу бағасының 70 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялауға жататын франциялық жоғары сапалы «Авантаж» тұқымын өсірумен байланыстыруға болады. Осы тұста бір айта кетерлік жайт, қант қызылшасын өсіру, жинау науқаны кезінде облыс әкімі ауданымызға арнайы келіп, қызылша алқаптарында, Меркі қант зауытында болып, іске қозғау салды. Сонымен қатар, жергілікті жерде бұл стратегиялық құнды дақылды өсіру, жинау үдерістерін қадағалауында ұстады. Ал аудан әкімінің бастамасымен аудан мекемелерінің қызметкерлері қызылша жинау науқаны кезінде бір реттік сенбілікке шығып, шаруаларға көмек қолын созуы арқылы уақыттан ұта білдік. Сонымен қатар, қызылша өсіруге мемлекет есебінен берілетін жеңілдіктер мен аудан басшылары тарапынан жиі өткізіліп, осы салаға және басқа да өсімдіктерді көптеп өсіруге негіз болған дала семинарлары арқылы өзара тәжірибе алмасудың нәтижесі мол өнім алуға алғышарт болды. Меркіліктердің ден қойған тағы бір тың тірлігі – жылыжайларда көкөністер өсіру болып табылады. Қазіргі таңда «Табиғат» шаруа қожалығы 0,03 гектар, «Жұматай қажы» шаруа қожалығы 0,05 гектар алқапқа орналастырылған фермерлік үлгідегі жылыжайларында қызанақ және қияр өсірсе, «Аспарахан» шаруа қожалығы 5 гектарлық жылыжай салу ісін қолға алды. Биыл ақпан айының басында аудан диқандарының көптеп қатысуымен «Жұматай қажы» қожалығында арнайы семинар өткіздік. Яғни, бұл іс-шара арқылы жылыжайға қызығушылардың саны арта түспек деген ойдамыз. Өткен жылы ауданда өсірілген 12 мың 473 гектар күздіктен 27 мың 565 тонна, 21 мың 537 гектар жаздық арпадан 58 мың 149 тонна өнім жиналған-ды. Ал 2016 жылы аудандағы «Сыпатай батыр» ЖШС-да элиталық, 1-2 және 3-көбейтілген тұқым шаруашылығы құрылып, сапалы, жоғары репродукциялық арпа және бидай тұқымдарын дайындауды қолға алғандықтан, жергілікті диқандар өнімінің гектар қайтарымы өсуі күтілуде. Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы 60-қадам – сүт және сүт өнімдерін өндіру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Ауданда 47 шаруа қожалығын топтастыру арқылы құрылған «Меркі өнімдері» кооперативіне әзірше 137 миллион 600 мың теңгеге 512 бас сиыр алуына қаржы бөлініп, бүгінгі таңда оның 147-сі сатып алынды. «Ет бағытындағы мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді бағдарламасы да бірқатар шаруа қожалықтары тарапынан орындалу үстінде. Өткен жылы мал бордақылау алаңдарынан 2423 тонна сиыр еті, 425 тонна қой еті өндірілгені – соның айғағы. 2016 жылдың наурызында облыс әкімі К.Көкірекбаев ауданымызға жұмыс сапары кезінде жоғарыда айтылған сүт және ет кластерін дамытуға арналған кешендерді аралап, мал бордақылау алаңдарында репродуктивті, дүниежүзілік стандарттар мен жоғары талаптарға жауап беретін мал ұстап, заманауи технологияларды енгізудің керектігін баса айтқан болса, қазан айындағы іссапары кезінде «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылық кооперативінің аяқ алысы жөнінде жиын өткізіп, бұл жұмыстардың толыққанды жүруін өзі тікелей назарында ұстауда. Осы тұрғыда 2016 жылы ірі қара малын асылдандыру бойынша жеке меншіктегі – 2488, бірқатар шаруа қожалықтарындағы 2571 бас мал қолдан ұрықтандырылып, асылдандыру жұмыстары жүргізілді. Аудандағы төрт түлік мал басын көбейту де жоспарлы түрде іске асуда. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасымен 2011 жылдан бері 2 мың 306 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2014 жылдан бері 25 мың 138 бас қой сатып алынды. Ал «Құлан» бағдарламасымен 2015 жылдан 2016 жылға дейін шаруалар 920 бас жылқы малына қол жеткізді. Ауданымызда шешімін табуға бағытталған істердің бірі – егістік алқаптарын суландыру мәселесі. «Жайылымды суландыру» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бері 15 құдық пайдалануға берілді. Біз бұл бағдарламаны Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «...жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет», – деген агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі болып қалыптасуымызға негіз болар стратегиялық жоспарының бастамасы ретінде қабылдадық. Бұл ретте ауқымды жұмыстар атқаруды ойластырып отырмыз. Қорыта айтсақ, шыбық шаншыса тал өсер, түгін тартса майы шығар қасиетті Меркі жерінде Жолдауда айтылғандай астық өнімдері бойынша Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болып, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға сүбелі үлес қосар барлық алғышарт жетерлік. Сондықтан ауыл шаруашылығын әртараптандырып, еңбек өнімділігін арттыруда жұмыла атқара беретін боламыз.

Меркі ауданы.