Саясат

Ардагерлердің айтары бар

Ардагерлердің айтары бар

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аймақтық коалицияның төрағасы Мұратхан Шүкеев облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерімен қатар белсенді ардагерлермен кездесу өткізді. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков жүргізіп отырды. Мұратхан Шүкеев алдымен ардагерлердің ел дамуына қосқан үлесін айтып өтті. – «Нұр Отан» партиясы мен ардагерлер ұйымының бірлесе атқаратын жұмыстарының ауқымы бір бағытта. Негізгі мақсатымыз – Елбасының стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру. Биылғы жыл сіздер үшін – айтулы жыл. Өйткені, 1987 жылдың 27 наурызында Елбасының тікелей қолдауымен құрылған республикалық ардагерлер ұйымына биыл 30 жыл толғалы отыр. Сіздерді алда келе жатқан осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Осы жылдары ардагерлер ұйымы үлкен белестерден, өрелі жолдардан өтті. Қазіргі таңда облыстық, Тараз қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерімен қатар, жүздеген кәсіпорындар мен ұжымдарда ардагерлер ұйымдары құрылған. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер ұйымы өз қызметінде әрқашан «Нұр Отан» партиясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. Ардагерлер ұйымдарының басшылары партияның барлық деңгейдегі филиалдары Саяси кеңестерінің мүшелері қатарында. «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы тікелей осы жұмысқа бағытталған, – деді ол. Бұдан соң ардагерлер партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына сұрақтары мен ұсыныстарын жолдады. Мәселен, ардагер Шәріп Дәулетбаев «Мүшелік жарна төлейін десем менен алмайды, неге?» деген сауалына Мұратхан Жүнісәліұлынан: «Зейнеткерлер мен мүгедектерге және кейбір осындай топқа жататын азаматтарға жеңілдік бар» деген жауабын алды. Ал ардагер Оңласын Қаңлыбаев білім саласында көп жыл еңбек еткенін тілге тиек ете отырып, қалада 43 жоғары және орта оқу орындары бар екенін айта келе, солардың бәрінде ардагерлер ұйымы құрылғанын, жиындарға жиі қатысатындықтан «жолақы билеті» ардагерлерге керек екенін, Алматыда бұл мәселе шешілгенін тілге тиек етті.

Наурызбек Сарша «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.