Әлеумет

Генерал Қойбақов

Генерал Қойбақов

Жерлесіміз, генерал-майор Сейітжан Қойбақов жайлы сыр

Б. Момышұлы, Ш. Мұртаза сынды мұзбалақтар мекені – Жуалыдан шыққан генералдардың бірі Сейітжан Қойбақовтың отбасылық өмірінен түсірілген бейнебаян бізді бір демде-ақ баурап әкетті. Олай болатыны, мұнда алыптың қарапайым ғана анадан туатыны, батырдың қазақтың қарадомалақ баласынан менмұндалаумен тұр. Иә, «Ондай болмақ қайда деп айтпа ғылым сүйсеңіз» деп Абай хакім айтпақшы, қандай да бір жетістіктің талаптанумен, еңбекпен, ізденіспен келетіні, қарға бойлы қаршадай баланың қалай еңсегей бойлы ерге айналғаны әлгі кинобаянның өнбойына арқау болып тартылған. Жастайынан спортпен айналысып, шымыр болып өсуі сан сынаққа, күрделі қиындыққа толы ғұмырына дайындығы секілді. Атан жілікті азаматтың көкжал бөрінің түбіне жеткен құралайды көзге атқан мергендігіне, небір күрделі спорттық һәм жауынгерлік жаттығулардан шет қалмай, әбжілдік танытып жүргеніне тәнті болдық. Еліміздің қарсы барлау қызметінде жүргенінде Қытайдың, АҚШ-тың орталық барлау басқармаларында тәжірибе алмасулары кезінде, Елбасы қолынан генералдық шенін алуы, әскери жаттығулар барысында небір марқасқалармен бірге түскен суреттерін көріп, риза болдық.

«Алып анадан туады» демекші, бүгінде Тараз қаласында тұратын оның анасы «Батыр ана» атағының иегері Бәкира Нысанбайқызы кілең сайдың тасындай батырлар мен оқымысты ұлдарды дүниеге әкелгендей. Мелдебек қария мен Бәкира апаның шаңырағынан оқу-білімнің шырқау шыңына шыққан үш бірдей ғалым шықты. Ұлдың үлкені Бауыржан (қырық алты жасында дүниеден қайтты, бүгінде оның есімі Тараз қаласындағы бір көшеге берілген) ауылшаруашылығы ғылымының докторы, салалық ғылым Академиясының академигі атанса, Сейітжан заң ғылымдарының докторы, оның інісі Сейітхан техника ғылымдарының докторы, Тараз мемлекеттік университетінің проректоры. Бір шаңырақтан мүйізі қарағайдай үш бірдей ғалымның шығуы, әр қайсысының ғылымның әр саласы бойынша ізденіп, жан аямай еңбектенуі еліміз былай тұрсын, әлемде шанда бір кездесетін құбылыс болар. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры, осы саланың еңбек сіңірген құрметті қызметкері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейітжан Қойбақовтың өмір жолы өз алдына бір бөлек әңгіме... Жалпы, қандай мемлекеттің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте-мөте күрделі жұмыс. Біздің елімізге де дербес шаңырақ көтеріп шығуымызбен байланысты көз сұғын қадаушылар көбейді. Міне, осындайда шетел жансыздарының іс-әрекетіне дер кезінде тойтарыс беру, қарсы барлау әрекеттері арқылы тосқауыл қою, мемлекет тұтастығын сақтау үшін лаңкестікті, сепаратизмді, ішкі дұшпандық әрекеттерді барлап, бақылап отыру дегенің өзінше бір әлем. Сейітжан Қойбақов, міне, сол әлемнің тұңғиығына бойлап, бұл орайда кеңес барлаушылары іс-тәжірибелерін терең зерттеп, үйренуге бала жасынан-ақ ден қойып, өскен-ді. Жуалының «Шыңбұлақ» мектебін, Ванновка су шаруашылығы техникумын, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп, ілім-білім, жазу-сызу жағынан ешкімге дес бермес еренбоз танылуының, қалалық комсомол комитетінде нұсқаушы, екінші хатшы лауазымдарында жинаған тәжірибесінің де септігі тиген болуы керек, соңыра Мәскеудегі бір жылдық арнайы курста білімін жетілдірген кезінде де мемлекеттік қауіпсіздік қызметіндегі барлау және қарсы барлау саласының қыр-сырын жап-жақсы меңгеріп шықты. Ең бастысы, өзінің көп жылдар бойы көксеумен келген басты арманының жалына қол артты! МҚК Жамбыл облыстық басқармасында, оның Шу және Жаңатас қалаларындағы құрылымдық бөлімшелерінде қызмет істеп, Мәскеу, Алматы қалаларындағы КСРО МҚК жоғары курстарын оқып бітірген жалынды жас бас-аяғы он шақты жылдың ішінде бұл саланың бетке ұстар білікті маманына айналды. Оның осы біліктілігі, іскерлігі, кәсіби шеберлігі, адалдығы мен әділдігі, шындықты еш қаймықпастан бетке айтатын турашылдығы, қызметтегі батылдығы мен қайсарлығы, ұлтжандылығы жоғары басшылықтағылардың да құлағына жеткен болуы керек, көп өтпей еліміз егемендігіне қол жеткізуімен байланысты жаңадан құрылып, қалыптастырылып жатқан ҰҚК орталық аппаратына қызметке шақырылады. Сол кездегі комитет төрағасы С. Тоқпақбаев күллі құжаттарын алдырып, танысып шыққан бойда оны ҰҚК-нің қарсы барлау Бас басқармасы бастығының орынбасары етіп тағайындайды. Көп ұзамай басқарманың бастығы да болады. «Ұлтжанды» демекші, Сейітжан Мелдебекұлының қазақтың басына қара бұлт үйірілген сонау бір алмағайып кезеңде сөзін сөйлер адамы болмауынан «ұлтшыл» атанып, орталықтың озбыр саясаты құрбанына айналғалы тұрған қазақ жастарының талайының арашашысы болып, өзіне қауіп төнгеніне қарамастан, шындықтың алдаспанын жалғандықтың көбесін қақырата сілтеуі ерлікке бара-бар іс еді. Баукең туған топырақтан бойына батырлық, қайсарлық рухы бойына әбден сіңісті болғандығынан да шығар. ҰҚК-нің Қытаймен шекаралас Шығыс Қазақстан, сол тұста Каспий маңы мемлекеттері дауының буырқанған «ыстық нүктесі» Батыс Қазақстан облыстары бойынша департаменттерінің басшысы болып қызмет атқарған жылдарындағы қол жеткізген жетістіктері де қомақты. Әсіресе, оның ҰҚК «Арыстан» арнайы мақсаттағы қызметіне басшылық еткен кездегі бір оқиға ұмытылмастай болып жадында қалыпты. Бұл халықаралық лаңкестікпен күресетін, азаматтарды, мемлекеттік мүдделерді қорғайтын, сонымен қатар, еліміздің ядролық кешенінің, экологиялық және радиациялық қаупі жоғары нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі бірден-бір арнайы қызмет. Құрамына лейтенанттан полковникке дейінгі әскери жоғары шені бар азаматтар алынған, осалы жоқ. Алғашында мұның мергендігіне, әбжілдігіне, әлеуетіне күмәнмен қарағандары да болды. Олардың көңіліндегі осы күдік бұлтын сейілту үшін көзсіз тәуекелге де барып, арада екі-үш күн өтпей жатып отыз бес шақырымдық жаяу жорық ұйымдастырғаны да бар. Мұны әскери тілде «выживание» деп те атайды. Осыншама шақырымдарды «мұздай қаруланып», артынып-тартынып, отыз-қырық килодай жүкпен көктей өту, қайтадан кері оралу жігіттің жігіті шыдас берер ауыр сынақ еді. Сейітжан да жауынгерлерімен бірдей жарақтанып, жорықты өзі бастады. Дегенмен, «арыстандықтар» бұл сында сыр бермеді. Жаңа бастық жауынгерлерінің тағы бір сынынан сүрінбей өтті. Оның қайсарлығы жігіттердің жігерін жани түсті. Президент әкімшілігінің жауапты қызметкері М. Қасымбековтің айтуынша, еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекеттігін нығайту жолында іргелі ізденістер, батыл қадамдар жасап жатқан сонау тоқсаныншы жылдардың орта шенінде оны Президент әкімшілігіне қызметке шақырған. Бөлім меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалған Сейітжан Мелдебекұлы сондағы құпия құжаттарды тіркеу, сақтау, хаттау, оның жауапкершілігін нақтылау сияқты қыруар жұмысты басынан бастап жүйелеп, бір арнаға салып та берген. Ең бір ерекше атап өтерлігі, Жамбыл облысы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің соңғы алпыс жылдық тарихында осы мекеме қызметкерлері арасынан генералдық шенге жеткені тек осы Сейітжан Мелдебекұлы ғана. Ол, сондай-ақ, тұнып тұрған тың тақырып, өзі ыстық-суығына күйіп жүрген ұлттық қауіпсіздік саласына түрен салып, өмірде жинақтаған бай тәжірибесін теориялық тұрғыда ғылыми негіздеп шықты. Демек, ол бұл саланың да тұңғышы. Тағы да бейнебаян. Алдымызға ұзын бойлы, самай шашын ақ шалған, қою қара мұрты аққұба өңіне әр берген, сұлу тұлғалы генерал жас жеткіншектердің «Генерал болу үшін не істеу керек?» деген сұрақтарына байыппен жауап беруде. «Генерал болу үшін ең әуелі мектепте жақсы оқып, терең білім алған жөн. Екіншіден, спортпен, дене тәрбиесімен шындап айналысып, шымыр болып, шынығып өскен абзал. Еліміздің «құпия қызмет» саласындағы айтулы тұлға, генерал-майор, заң ғылымының докторы Сейітжан Қойбақов бүгінде Қорғаныс министрлігі жанындағы әскери стратегиялық зерттеулер орталығының вице-президенті болып қызмет атқаруда.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.