Саясат

Аяғыма кигенім былғары етік

Аяғыма кигенім былғары етік

«Таразкожобувь» ЖШС-ның Сәнді әрі сапалы өнімдеріне сұраныс көбейді

Бұрын облыста былғары өндірісі тұралап тұрған болатын. Бүгінде бұл мәселе жолға қойылып, «Таразкожобувь» ЖШС осы бағытта айтарлықтай ауқымды жұмыс жүргізуде. Кәсіпорын мал шаруашылығымен айналысатын және өзге де азаматтардан мал терісін нарық бағасынан жоғары бағада сатып алуда. Сатып алынған шикізаттан жасалған былғары бұйымдар өзінің жоғары сапасы мен қолжетімді бағасымен ерекшеленуде. Өткен жылы республикада жетекші кәсіпорындар қатарына енген серіктестік «Алтын сапа» байқауында «Іскер» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған болатын. Жалпы, өткен жылы марапаттаулар, дипломдар мен медальдарға толы жыл болды. Оның барлығы тауардың сапалы болуының дәлелі болса керек. «Қазақстанның үздік тауары» байқауында да «Халыққа арналған тауар» аталымы бойынша да өндіріс ошағы үздік деп танылған. Бір кездері атағы күллі Кеңес одағына таралған Тараздағы былғары зауыттың атын қайта жаңғыртып жатқан «Таразкожобувь» ЖШС бүгінде тың серпінмен іске кіріскен. 2002 жылы қайта жаңғыртылған зауыт алғашында әскери азаматтар мен Қазақстанның күш құрылымдарында қызмет ететіндерге арналған өнім шығарды. Ол үшін Германиядан 2,2 миллион еуроға арнайы жабдық сатып алынған. Алайда бұл саладан тапсырыс азайып кетті. Сөйтіп зауыт 2014 жылдан бастап сәнді аяқ киім шығара бастады. Алғашқы жылы 9 мың жұп аяқ киім шығарылса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңды құрады. Ал өткен жылы кәсіпорын 100 мың жұптан аса аяқ киім шығарған. Сондай-ақ, өнімді өткеру ісі дұрыс жолға қойыла бастады. Бүгінде «Таразкожобувь» шығарған аяқ киімдер Тараздан өзге Астана, Қарағанды, Атырауда да саудалануда. Қажетті шикізаттың 80 пайызын отандық өнім құрайтын бұл аяқ киімдердің жоғары сапасы халықтың көңілінен шығуда. – Біздің өнімдер тек табиғи таза заттардан жасалады, – дейді «Таразкожобувь» ЖШС бас директорының орынбасары Мұхтар Шаюнусов, – оның ішінде былғарыны илеуден бастап, арнайы жіптің сапасына дейін қатаң бақылауда. Тек Ресейден ғана рәзіңке мен полиуретанды алдырамыз. Қалған өнімнің барлығы отандық. Тұтынушылар көбінесе Қытайдан келген арзан аяқ киімдерді алуға бейім. Алайда оның денсаулыққа зиян екенін ұмытпау керек. «Таразкожобувь» ЖШС-ның кәсіпорын ішінен өз өнімдерін сататын арнайы дүкені де бар. Онда таза былғары мен іші табиғи жүннен жасалған аяқ киімдер саудалануда. Мұндай дүкен Тараз қаласындағы 8-ықшам ауданынан да ашылған. Жалпы, кәсіпорын алдағы уақытта өнім көлемін арттыра түсуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, аяқ киімдерді тігу барысында жаңа технологияларды қолдана отырып, олардың сәні мен сапасын жақсарту жоспары да алдағы күннің еншісінде.

Виктор Крыгин, журналист. (Орыс тілінен аударған Маржан Рақай).

Тараз қаласы.