Саясат

Дерекқорда дәйексіз мәлімет болмайды

Дерекқорда дәйексіз мәлімет болмайды

және ол азаматтық қоғам институттарының ашықтығын қамтамасыз етеді

Елдің қоғамдық-саяси даму үдерісіне «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары үлкен серпін берді десек, артық айтқандық емес. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған бағдарлама қоғамдық институттардың қызметін жаңа бір сатыға көтерді. 2015 жылы Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер аясында азаматтық қоғам ұйымдарын қаржыландырудың жаңа түрлері, яғни сыйақылар мен гранттар енгізілді, сонымен қатар ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ететін деректер қоры құрылды. Үкіметтік емес ұйымдар жаңа жүйеге көшкелі бір жылдан астам уақыт өтті. Нәтиже қандай? Облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Мақпал Досымбековамен болған сұхбатымыз осы мәселе төңірегінде өрбіді.

– Бұл азаматтық институттарды дамытуды көздейтін нақты қадам екені айқын. Жоспар жақсы-ақ, нәтиже бар ма? Дерекқорын құру – үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жетілдіруге қаншалықты ықпал етті?

– Деректер қоры – үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Негізгі мақсат – олар туралы қоғамды хабардар ету. Сондай-ақ осы қор арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар, гранттар беру және сыйақылар тағайындау туралы ақпараттық мәліметтерді білуге болады. Бір айта кететіні, бұл ақпараттар баршаға қолжетімді. Аталған Дерекқорға үкіметтік емес ұйымдар өз мәліметтерін 2016 жылдан бастап ұсынуда. Аталмыш қорды қалыптастыруға жауапты уәкілетті орган – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі. Нақтырақ айтсақ, бұл іспен осы министрліктің Азаматтық қоғам істері комитеті айналысады. – Жаңа жүйе бойынша жүргізілетін жұмыс қандай да бір нормативтік-құқықтық актілермен реттелетін шығар? Дерекқорға қандай ұйымдар мәлімет береді? – Оның заңдық негізі бар. 2016 жылы 19 ақпанда Үкіметтік емес ұйымдарымен өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» № 51 Мәдениет және спорт министрінің арнайы бұйрығы шыққан. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 41-бабының 5-тармағында мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері, сондай-ақ осы Заңның 17-бабында көзделмеген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес ұйымдар, мәселен, дербес білім беру ұйымдары, дербес кластерлік қор, нотариаттық палаталар, адвокаттар алқалары, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы, кәсiби аудиторлық ұйымдар, пәтерлердің меншiк иелерi кооперативтерi және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысандар, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі және ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы мәліметтер ұсынады деп көрсетілген. Кейбір үкіметтік емес ұйымдардың облыста қызмет ететін филиалдары мен өкілдіктері заңды тұлға болмағандықтан өз мәліметтерін тікелей басты ұйымға жіберуі тиіс, олар өз кезегінде барлық филиалдарының мәліметін жинақтап, Дерекқорға ұсынады. Мәселен, филиалдарға облыстық ардагерлер ұйымы, Қызыл жарты ай қоғамы, өңірлік Азаматтық альянс және сол сияқты тағы да басқа ұйымдар жатады. 1 наурыздан бастап ҮЕҰ-ның мәліметтерді Дерекқордың http://infonpo.kz интернет-порталы арқылы беруге болады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан ЭЦҚ (ЭЦП) кілтін алып, авторизациядан өту керек. Сонымен қатар, пошта арқылы жіберуге де мүмкіндік бар. Ол үшін қағаз және электрондық түрде (Word форматында CD-дисктерде немесе USB-флэш-жинақтаушыларда) «010000, Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, 15-кіреберіс, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті» мекен-жайына пошта арқылы немесе қолма-қол ұсынуға болады. – Дерекқорға дәйексіз мәлімет ұсынылуы мүмкін бе? Осындай жағдай орын алса, ұйым жетекшісіне қандай шаралар қолданылады? – Жаңа айтып кеткеніміздей, Дерекқор қызметі заңға негізделген. Сол себепті дәйексіз мәлімет бергендерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 489-1-бабына сай мәліметтерді уақтылы ұсынбағандарға, сол сияқты анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді бергендерге ескерту жасалады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде бұл қателік қайталанса, жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не үш ай мерзімге қызметін тоқтату туралы шешім шығарылады. – Біздің өңірімізде бұл жүйе бойынша жұмыс қалай жүруде? – Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және жергілікті Азаматтық альянс, аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдері былтырдан бері жаңа жүйе бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біз қоғамдық ұйымдармен кездесулер ұйымдастырып, оларға кеңес бердік. Биыл осы жұмыс ары қарай жалғастырылады. Ақпараттық жұмыс тұрақты жүргізілуде, алайда облыс көлемінде және Қазақстанда да нақты жұмыс істеп тұрған ұйымдардан гөрі тіркеуде саны бар, алайда дерегі жоқ үкіметтік емес ұйымдар өте көп. Соларды іздеп табу қиындыққа соғуда. Олардың құрылтайшылары ұйымды ашып, қызметтерін тоқтатқан не көшіп кеткен немесе қаза болған және тағы да басқа себептермен жұмыс істемейді. Мәселен, әділет органдарының мәліметіне сай облыста қазіргі таңда 892 ҮЕҰ тіркелген. Оның 521-і қоғамдық ұйымдар, 191-і қоғамдық қор, 32-сі заңды тұлғалар бірлестігі және 148-і мекеме. Былтыр өз қызметтері бойынша мәліметті 200-ге жуық ҮЕҰ тапсырса, олардың нақты 175-і Дерекқорға енді. – Осы жерде бір сауал туындайды. Қазір бұрынғыдай емес, жаңа талап, жаңа жүйе. ҮЕҰ Дерекқорында тіркелмеген ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар жөніндегі конкурстарға қатыса ала ма? – Белгілі бір Үкіметтік емес ұйымның мәліметінің Дерекқорда бар болуы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс конкурсының жеңімпазын анықтаған кезде басымдық беретін өлшемдердің бірі болып табылады және жалпы ұпайлардың қосындысына әсерін тигізеді. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабы 3-тармағына сәйкес, гранттар дәрменсіз (банкрот) деп танылған, мүлкіне тыйым салынған және экономикалық қызметі тоқтатыла тұрған үкіметтік емес ұйымдарды қоспағанда, үкіметтік емес ұйымдардың Дерекқорына енгізілген үкіметтік емес ұйымдарға конкурстық іріктеу негізінде беріледі. – Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».