Саясат

Жаңа әкім шаһар шаруашылығымен танысуды бастады

Жаңа әкім шаһар шаруашылығымен танысуды бастады

Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет қаладағы бірқатар білім мекемелері мен коммуналдық нысандардың жай-күйімен танысты. Тағайындалғанына көп бола қоймаған әкім әуелі «Астана» мөлтек ауданындағы №53 орта мектептің кәсіптік бағдарлау, дене шынықтыру, ҰБТ-ға дайындық, оқушыларға ыстық тағам беру, медициналық қызмет көрсету, осындағы шағын орталық ісінің ұйымдастырылуы мәселелері бойынша атқарып отырған жұмыстарына қанықты. Осымен байланысты мектеп ауласын абаттандыру және әрлеу бойынша қалалық әкімдікке білім бөлімі арқылы ұсыныс беру қажеттігін сала мамандарының есіне салуды да ұмытпады. Шаһар басшысы қалалық аурухананың жаңа ғимаратын да аралап көріп, ондағы заманауи медициналық құрылғылардың әлеует, мүмкіндіктеріне назар аударды. Денсаулық сақтау ұйымы осы уақытқа дейін жылуды «ТаразЭнергоОрталық» мекемесінің қазандығынан алып келген. Аурухана басшылығы жылуды енді қазандығы қасына тиіп тұрған «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнынан алуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Осындағы «Күйікті емдеу орталығы» жанынан қосымша қазандықты іске қосу үшін қомақты қаражат қажет. Жылу берушілер осы істі үйлестіру арқылы №1 қалалық аурухананың да жылу мәселесін шешуге болатынын айтады. Қала басшысы тұрғындарды тіршіліктің қайнар көзі ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Тараз су» мекемесінде, сондай-ақ, Ы.Дүкенұлы көшесінде орналасқан су сорап стансасында, Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылындағы 40 гектар жерді алып жатқан су ұңғымасы басында да болып, су тазартып, айдайтын құрылғылар жұмысымен танысты. Күні бүгінге дейін қолқаны қабатын күлімсі иісі Жамбыл ауданы тұрғындарын алаңдатумен келген шайынды су алқабын тазарту мәселесі кезек күттірмес іске де айналып отыр. Осы мақсатқа қалалық бюджеттен 160 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Лайсаң, батпақты жерге ауыр техникалардың өзімен кіре алмай отырған мекеме басшылары қала әкіміне «драглайн» экскаваторын сатып алу жөнінде өтініш жасады. «Тараз су» мекемесінің жұмысымен толықтай танысып шыққан шаһар басшысы айтылған ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ, журналист.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.