Мерейі биік
Мерейі биік
Мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген Мырзахан Махамбетов Талас ауданындағы С. Шәкіров ауылында туып-өскен. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ, зеректігімен, білімпаздығымен танылды. Әсіресе, есеп сабақтарында алдына жан салмайды екен. Сол талабымен Жамбыл педагогикалық институтының (қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық институты) физика-математика факультетін бітірді. Ұстаздық қызметін Талас ауданындағы Алғабас орта мектебінен бастады. Директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары ретінде іскерлігін көрсетті. Содан болар сол тұстағы аудандық партия комитеті қызметке шақырды. Ұйымдастыру, үгіт-насихат бөлімдерінің нұсқаушысы бола жүріп, өзін жақсы қырынан танытты. Мақаң кейін ұзақ жыл «Қаратау» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болды. Кеңшар, негізінен, таулы-тасты жерге орналасқан. Қар қалың түседі. Ол кезде Махаңның ұйымдастыру шараларымен жиі шапқылайтын кезі. Сондай қалың қар күні үйіне қонақтар келе қалады. Ал Мырзахан омбы қармен алысып, жолдың бойында жүр. Түн ортасында үйіне де жетіп, қонақтарын күтуге де үлгереді. Келген кісілер ертеңіне түске таман қайтуға жиналады. Олар сонда өз көздеріне сенбейді. Кешегі ұйытқып соққан қалың қар сабасына түсіпті. Кеңшардың іші-сыртындағы жолдардың барлығы күреліп, тазаланған. Мұнша шақырым қалай тазаланған? Мұның барлығы өзі де көз ілмей, кеңшардың бригадирлеріне, механизаторларына дамыл таптырмай тазалатып үлгерген Мырзахан еді. Сол «Қаратау» кеңшарында жүрген кезінде мал басы 40 мыңға дейін өсті. Ақ егістен әр гектарына 20 центнерден өнім алынды. Кеңшардың экономикасы өрлеп, өркендеді. Ал жұбайы Гүлсім болса, күн сайын келіп-кетіп жататын көп қонақты қабақ шытпай күтіп, жолдасының жұмысына қолұшын беріп жүруші еді. Гүлсімнің жақсы қасиет иесі болуы бекер емес. Ол текті әулеттен шыққанын үнемі үлгілі ісімен байқатушы еді. Әкесі Ерғара Тәжімбетов Талас өңірінде жемісті жұмыстар атқарған кісі болатын. Ұлы Отан соғысының ардагері. Оқ пен оттың ортасынан келгеннен кейін бе, Ерекеңнің мінезі жайдары, көңілі шуақты болатын деседі көзін көргендер. Ұзақ жыл аудандық газетте редактор қызметін атқарған Ерғара Тәжімбетов жайлы жылы сөз айтушылар көп. – «Жақсыда жаттық жоқ» деген рас екен. Мен ол кісінің баласындай болдым. Үнемі ақылын айтып, жақсы мақсаттарға жетелеп отырушы еді. Адал болуды ерекше ескертетін. Ол кісіні бүкіл аудан халқы қадірлейтін, – дейді М. Махамбетұлы. Ал Гүлсім Ерғарақызының ұлағатты ұстаз ретінде сіңірген еңбегі де бір төбе. Талас ауданындағы Ы.Алтынсарин, Алғабас, Д.Қонаев, М.Жұмабаев, Қаратау, А.Байтұрсынұлы орта мектептері мен А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берді. Оның жаңашыл еңбектері аудан, облыс деңгейінде жоғары бағаланды. Гүлсім Ерғарақызы көпшілікке, ұстаздар қауымына өте қадірлі болды. Өзінің бойындағы барлық асыл қасиеттерін мыңдаған шәкірттеріне дарыта білді. Мыңдаған жүрекке білімнің, өнегенің алтын дәнін септі. Қай білім ордасына барса да, мектептің қозғаушы күші болды. Мол жетістіктерге жетті. Төңірегіне де шуағын шашып, мейірімін төкті. Әттең, сондай асыл адамның мезгілсіз дүниеден өтуі отбасын ойсыратып кетті. Жолдасы Мырзаханның үлкен адамгершілік, адалдық танытып, Гүлсімнің есімін қадірлеуі, асыл жары Гүлсімге арнап «Гүлсімнің гүлі солмайды» атты кітап шығаруы да – үлкен махаббаттың белгісі дер едік. Ата-анадан ұлағатты тәлім алған перзенттері де жақсы арманмен жетілді. Ұлы Мұрат облысқа танымал кәсіпкер, қызы Жанар облыстық қазынашылық басқармасында бас маман болып жұмыс істейді. Махаң барлық жұмыста зор жауапкершілікті сезінетін. Ауылдық округ әкімі қызметінде де абыройға бөленді. Тарап кеткен кентке тұрғындарды жинақтап, ауылдың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартты. Кейіннен Мырзекең аудандық деңгейдегі лауазымды қызметтерге жоғарылады. Аудандық аграрлық сала өнеркәсіп қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы кезінде де адамдардың алғысына бөленіп жүрді. Мемлекеттік қызметке адалдығы Талас ауданы әкімдігі аппаратының басшысы лауазымын атқарғанда анық байқалды. Жұрттың сенімін қалыптастыруда, қиын шақта жұмысты ұйымдастыра білген оның іскерлігі себеп еді. Қаратау қаласын көріктендіру, көгалдандыру шарасының басы-қасында жүрді. 2008 жылдан бері әуелі Талас ауданында, кейінгі алты жылдан бері Байзақ ауданында ішкі саясат бөлімінің басшысы. Қай ауданда болса да қоғамдық-саяси іс-шаралардың бел ортасында жүргені. Бүгінде Мақаң ұзақ жылғы жемісті еңбегінің зейнетін көретін шаққа да жетті. Мектепте біраз жыл мұғалім болған кезінде өзінен тәлім алған шәкірттері де жарады. Олардың арасынан белгілі жазушы да, білім саласының үздіктері де, мемлекеттік қызметтің білікті мамандары да шықты. Ол облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хатымен марапатталды. Қандай марапат алса да, қандай қызметте жүрсе де Мәкең адалдығынан айныған емес.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.