ЖАҢАБЕК ЖАРАДЫ
ЖАҢАБЕК ЖАРАДЫ
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданы жыл өткен сайын гүлденіп, заман талабына сай көркейіп келеді. Ауданда соңғы жылдары жеке кәсіпке бет бұрып, жұмысын жандандырып жатқандардың қатары көбейе түсуде. Өйткені жаңадан кәсіп ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көптеп көрсетілуде. Мойынқұм ауылында дүниеге келген Жаңабек Алыпбаев бүгінгі таңда төрт бірдей кәсіппен шұғылдануда. Ол алғашқы кәсіпкерлік қадамын 2014 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 3 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оған аудан орталығынан 30 орындық монша соғудан бастаған-ды. Аптаның сенбі, жексенбі күндерінде жұмыс істейтін моншаның рахатын көрген тұрғындар Жаңабекке дән риза. Тіпті, мұнда бос орын болмай адамдар үнемі кезекте тұратыны байқалуда. Монша ішінде ерлер мен әйелдерге арналған шаштараздар жұмыс істейді. Кәсіпкер азамат тапқан табысына тоқмейілсімей, жуырда аудан орталығынан халыққа аса қажетті жарнама тақтайшаларын, билбордтар мен кез-келген форматтағы фотосуреттерді шығаратын шағын цех ашты. Мұндағы жарнама қағаздарын шығаратын құрылғы Қытайдың «Вантун» фирмасының өнімі – cоңғы үлгідегі «BOSSRON» аппараты. Құны 2 миллион теңге тұрады. Онымен қалай жұмыс жасау керектігін Нүркен Балғабай Алматыға арнайы барып, оқып үйреніп келіпті. Цехты кәсіпкер өз қаржысы есебінен 3 миллион теңге жұмсап, іске қосқан. Ж.Алыпбаев ашылғанына аз күн болса да жаңа нысан қызметіне тапсырыс берушілердің аз еместігін айтады. Бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындары мұндай заттарды Тараз бен Шу қалаларынан әкеліп, әбігерге түсетін. Халықтың қамын ойлап, алысты жақындатқан Жаңабекке ауылдықтар алғыстарын айтып отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттік несиелік бағдарламалар арқылы қомақты несие алып, кәсіпкерлігі желісін одан әрі кеңейтпек. «Кәсіптің көзін тапқан нәсіптің өзін табады» деген сөз рас. Жаңабек аудандағы жас кәсіпкер ретінде жоспарын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқан еңбекқор азамат. «Мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалана білген адам сөзсіз табысқа кенеледі», – дейді ол. Ол өзінің жеке кәсібін әлеуетті ете түсу мақсатында былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге несие алып, Бірлік ауылынан 350 шаршы метр жерге жылыжай салған екен. Мұнда егілген қызанақ, қияр бүгінгі таңда гүлдеп үлгерген. Бір өзі төрт түрлі шағын кәсіпкерлік субъектісін ашып, 11 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ілкімді де іскер азаматтың алдына қойған мақсаты айқын, жоспары да көп. Жаңабек Елбасының биылғы Жолдауында айқындалған бес басымдықтың ішінде бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту мәселесінің күн тәртібіне өткір қойылып отырғанын да жақсы біледі. Мемлекет басшысының осы тұрғыда «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл – өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады» деген сөзі оны жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп отыр.
Уалихан жайлау, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.