Саясат

Бірлігімізді бекемдеген құжат

Бірлігімізді бекемдеген құжат

Эсмира МАМЕДОВА,әзірбайжан этномәдени ұлттық орталығының төрайымы,аудандық мәслихаттың депутаты.

Жыл басталғалы барша қазақстандықтар қызу талқылаған тақырып – Конституциялық реформа мәреге жетті. Тұрғындары айдан астам уақыт пікір алысып, ой бөлісіп, маңызды құжатты әбден електен өткізді. Конституцияға енгізілген өзгерістер қоғамды, ел экономикасын одан әрі жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің тұтастығын сақтау үшін Нұрсұлтан Назарбаев билікті қолына алған еді. Ол уақытта ел болашағы мен қоғамның дамуына маңызды реформалар жасау керек болатын. Мұны Елбасы жасай алды, халық та бірауыздан қолдау көрсеткені бәрімізге белгілі. Міне, сол 25 жылдың ішінде еліміз Елбасымен бірге көптеген жетістіктерге жетіп, бәсекеге қабілетті дамыған 50 мемлекеттің қатарына енді. Ендігі меже озық дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену болып отыр. Бұл Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асады деп сенеміз. Елбасы Конституциялық реформаларды бүкілхалықтық талқылауға ұсынған сәтте қоғамның жаңарып жатқанын, біздің ел де көштен қалмауы керектігін айтқан еді. Сондықтан да мемлекеттік жүйемізді өзгертетін реформалар жасау заң жобаларын талқылау барысында бүкіл қазақстандықтардың ой-пікірлерін еркін айтуына жағдай жасалды. Бұл дегеніміз елдегі ынтымақ, бірліктің нығайғанының бір дәлелі. Көреген көшбасшымыз бұл жолы да ел игілігі үшін оң шешім қабылдады. Халықпен байланысты нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметке билік тармақтарын бөліп берді. Парламентті халық сайлайтыны белгілі. Енді кез-келген ел азаматына мемлекеттің дамуына, өркендеп-өсуіне өз үлесін қосуға зор мүмкіндік туып отыр. Өйткені, халық өз мұқтажын Парламент арқылы жеткізіп, хабардар етіп отыратын болады. Ел игілігі үшін жасалған іске жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Елбасы бір сөзінде «Билікті дұрыс пайдалана білу де – өнер» деген болатын. Парламент пен Үкімет өзіне бөлінген билікті тиімді пайдаланып ел экономикасын одан әрі көтереді деп сенеміз. Жуалы ауданы.