Саясат

Еліміз ашық қоғам орнатуға батыл қадам жасады

Еліміз ашық қоғам орнатуға батыл қадам жасады

Асқар Қадырқұлов,М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Халықаралық және конституциялық құқық» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі.

Бұл – Қазақстанның жаңа жаңғыру кезеңіне қадам басқан күн ретінде тарихта қалары анық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы бүкілхалықтық қызу талқыға салынып, Парламентте құрылған комиссия отырысында сарапталды. Қоғам електен өткізіп, екшелген заң жобасын Конституциялық Кеңес мақұлдаған соң, Президентіміз «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жариялы түрде қол қойды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституцияның 19- бабына 26 түзету енгізілді. Негізінен, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, біздің мемлекетіміз – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылдығында күшті вертикальді президенттік билік жаңа мемлекет құруы, сол кезеңдердің қиындықтарын еңсеруі қажет еді. Бұл бағыттағы ұстанымымыз өз нәтижесін берді және өз міндетін толық өтеп шықты. Қазір заман өзгерді. Мемлекет дамуының жаңа кезеңіне байланысты билік жүйесіне өзгерістер енгізу керек болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған Конституциялық реформасы осы мемлекеттік билік жүйесін өзгертуден туындаған. Негізгі мақсат – Президенттің құзырына жататын бірқатар өкілеттіліктерді Парламент пен Үкіметке беру. Жалпы, елімізде саяси жаңғырту жүргізу үшін біршама алғышарттар бар. Көппартиялы Парламентті қалыптастырудың алғашқы қадамдары нәтижелі болды. Бұл туралы Елбасымыз реформалардың мәні мемлекеттік биліктің барлық жүйесіндегі жұмыстардың тиімділігінде деп атап көрсеткен еді. Бізге саяси жүйені жаңғырту азаматтық күштердің мемлекеттік жауапты шешімдер қабылдауда белсене атсалысуы үшін қажет. Ол жалпы партиялық жүйеде, партиялардың өз ішінде де реформалауды қажет етеді. Бұл өзгерістер партиялардың бәсекелестігін арттыруға да мүмкіндік беретінін айта кетуіміз керек. Бұрын Конституциямызға сай, Үкімет құрылымын Президент өзі анықтап, министрлерді өзі тағайындайтын. Енді Үкімет құрамы Мәжілістің келісімі бойынша (Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрі және Ішкі істер министрінен басқасын) жасақталады. Президент бұған дейінгідей, енді мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік органдарды қаржыландыру мен қызметкерлерге жалақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітпейді. Дегенмен, енді Үкімет мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру жүйесін бекіту алдында Президенттің келісімін алуы керек деп ойлаймын. Президент сонымен қатар заңдық күші бар жарлықтарды шығармайтын болды. Алайда ол қаралатын заң жобаларының ретін (қажеттілігіне қарай) белгілеп отырады. Бүгінгі күнге дейін Үкімет Президент алдында жауапты болды, ішінара кей жағдайларда ғана Парламент алдында жауап беретін. Енді өзгерістерге сәйкес, Үкімет Президент пен Парламент алдында тең жауап береді. Осы және тағы басқа өзгерістер мемлекетімізде демократиялық қағидаттардың әрі қарай дамуына септігін тигізері анық. Өзгерістердің ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен енген тағы бір атап өтетін жайт, біздің мемлекетімізде ұлтаралықпен қоса конфессияаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекет конституциялық емес болып танылуы. Бұл елдегі демократия институттарын қазақстандық ерекшеліктерге сәйкес құру керектігін көрсетеді. Қорытындылай келгенде айтарым, Қазақстан ашық қоғам орнатуға батыл қадам жасады.