Мәдениет

Облыстық филармонияға Кенен есімі берілсе

Облыстық филармонияға Кенен есімі берілсе

Биыл тал бойына табиғат алуан сырлы, сан қырлы өнер дарытқан халық ақыны, жыршы, әнші-композитор әрі күйші Кенен Әзірбаевтың туғанына 130 жыл толады.

Ол ең алдымен күміс көмей әнші-ақын. Ғұмырында жүзден аса ән шығарған, оның өлеңін де өзі жазған сазгер-ақын және ондаған күйі де бар. Тыңдаушының құлақ құрышын қандырған жыршылығы өз алдына. Көп ақындармен айтысқа түскен сөз зергері. Менің әкем Әлібек Отар кентінің солтүстік-батыс жағында «Құлжабасы» шоқысының жанында дүниеге келген, ол да кедейдің баласы еді. Кенен екеуі түйдей жасты және бала кезден бірге өсіп, той-жиындарға қатысып жүрген. Әкем Кененмен бірге жүріп, айтысқа қатысқандарын үнемі айтып отыратын. Біз Сұлутөр ауылында 1943 жылға дейін тұрдық. Кенен атам біздің үйге жиі келіп, көршілерді жинап алып, өлең, қиссалар айтатын. Екеуі жас кезіндегі әңгімелерді, тарихи шежірелерді, әсіресе Аңырақай шайқасындағы қазақ батырларының ерлігін еске түсіретін. Екеуінің қылжыңдары да жарасып тұратын. Мен қызы Төрткен (төрт кемпір, бір шал) екеуміз алты жыл бір класта оқыдық, кейін ол Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа ауысты. Кененнің туыстары 1946 жылы Отар кентінде оған арнап қоржын там салып, Иірсу деген жерден көшіріп әкелді. Сол ауылда тұрғанда Кенен атамыздың үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы Базары мен Назары шешек ауруынан қаза болғаннан кейін қайғы жұтып отырып «Базар, Назар» деген өлеңін шығарған. Бірақ ақын тамағына бітеу жара шығып ауырып, өлең айтпай, үйден шықпай, жатып қалады. Бірде Кенен ата ағайындарын жинап, көрген түсін айтады. Түсінде Бөлтіріктің шәкірті, өзінің жақын атасы Кебекбай шешен оған: «Менің жатқан жерімнен мал жүреді, сен сол жерді қоршап, тастан ескерткіш орнат» деп аян берген екен. Туыстары атаның айтқанын орындап, Кебекбай шешеннің бейіті басына ескерткіш орнатып, оның ашылуына Кененді алып келе жатады. Ол жер Отар кентінен 15 шақырымдай, жолы ойлы-қырлы, шұңқыры көп еді. Жолда автокөлік көп шайқаған соң оны тоқтатып, Кенекең жерге түсіп лоқсиды. Сонда тамағынан бас бармақтай қанды ірің түседі. Содан кейін-ақ, көп ұзамай Кенен атамыз домбырасын алып, қайтадан әнін айта бастады. 1957 жылы екі колхоз «Сталин» атындағы және «ХVIII-партсъезд» бірігіп, Киров атындағы колхоз болып, орталығы қазіргі Кенен ауылына қоныс тебеді. Қордай ауданының сол кездегі басшылары ақынға сол ауылдан үй салып береді. Кенен атамыздың мерейтойлары өз дәрежесінде, ылғи, сол ауылда өткізіліп келеді. 2009 жылы 125 жылдық тойында қазақ, қырғыздың көптеген атақты жазушылары, ақындары, әртістері, қоғам қайраткерлері, облыс пен аудан басшылары бас қосты. Сол жиында белгілі театр сыншысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығайдың: «Осы Жамбыл өңірінде облыстық филармонияға атын беруге лайықты Кенен Әзірбаевтан асқан өнер дүлдүлі бар ма? Айтыңдаршы. Сондықтан менің ұсынысым оған Кенен Әзірбаевтың есімі берілуі керек» дегені бар. – Біздіңше, өте орынды ұсыныс. Бұл ұсынысқа залда отырған адамдар ду қолшапалақтап, қошемет көрсетті. Алайда, ол сол күйі ұмыт қалды. Сондай-ақ, Тараздағы Кенен Әзірбаев атындағы көшенің басында, ақын атындағы кинотеатр болған еді. Өтпелі кезеңде ол да жекеменшікке сатылып кетті. Сол маңайда Тараз мемлекеттік педагогикалық институты бар. Онда мыңдаған студенттер оқиды, оларға осындай мәдениет ошағы керек-ақ еді. Сондықтан, бұрынғы аты сақтала отырып, кинотеатр ғимараты мемлекетке қайтарылса деген ойымыз да бар. Ал, аты жоқ облыстық филармонияға Кенен есімін беру қай жағынан алып қарағанда да дұрыс шешім болар еді.

Нұрдәулет Әлібекұлы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.