Экономика

Жемқорлар қосыларда ауыз жаласады

Жемқорлар қосыларда ауыз жаласады

ұсталған кезде итше таласады

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс», деп атап көрсеткен. Расында да, мемлекет пен қоғам осы жағымсыз құбылыспен бірігіп күресуі тиіс. Себебі, Президентіміз айтқандай, жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекет пен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін індет. Сондықтан да, онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бейғам отыруға болмайды. Қоғамдағы қауіпті дерттің алдын алу үшін облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама мен салалық бағдарламаның талаптарын орындап, жоспарлы түрде жұмыстар атқаруының мәні осы. Біз ең алдымен мекемеге Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң Әдеп кодексінің мәтінін жазып орналастырдық. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әр мемлекеттік қызметшінің ортақ міндеті» атты стенд жасап ілдік. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне арналған жәшік пен басқарма басшыларының қабылдау кестесі де көпшілік көре алатындай, қолайлы жерлерге орналастырылды. Мемлекеттік қызметшілердің этикасын бағалайтын кітап та бар. 45-63-53 «Сенім телефоны» жұмыс істеп тұр. Бұл сенімге селкеу түсіретін жағымсыз әдетке бой алдырмауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттылықты арттыруға бірден-бір сеп болары сөзсіз. Былтыр наурыз, шілде айларында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен құқықтық оқулар ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметшілер әр үш жыл сайын біліктілігін арттыру курстарына барып, білімдерін жетілдіріп жүр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен қатаң күрес жүргізу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоюдың маңызы зор. Құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың да өзіндік пайдасы бар. Алдын ала белгіленген кестеге сәйкес елді мекендерде тұрғындарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде есеп бердік. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болар, былтыр мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша тәртіптік және қылмыстық жазаға тарту туралы фактілер тіркелген жоқ. Тұрғындар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген қызметтерін атқаруға қатысты шағымдар түспеді. Қызметкерлер жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауда заң талаптарын мүлтіксіз орындауға баса мән береді. Өткен жылы жеке тұлғалардан түскен 9 өтініштің 3-еуі қанағаттандырылды. Алтауына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауап берілді. Ал заңды тұлғалардан түскен 208 өтініштің 6-ауы өтініш құзыреттілігіне қарай тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді. Қанағаттандырылған 65 өтініштен бөлек, 88 өтініш иесіне көтерген мәселесі түсіндіріліп, басқарма құзыретіне жатпайтындықтан 49 өтініштен бас тартылды. Тіркелген өтініштер қай тілде жазылса, сол тілде мерзімінде жауаптар қайтарылды.

Жомарт Әмірханов, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.