Білім

Бүлдіршіндер «Әліппемен» қайта қауышады, «Ана тілі» де шеттетілмейді

Бүлдіршіндер «Әліппемен» қайта қауышады, «Ана тілі» де шеттетілмейді

– Аянат, қане, қалай зулатып оқитыныңды көрейік, «Ана тілі» кітабыңды әкелші, – дедім 2-сыныпта оқитын сіңліме сынай көз тастап. Кітап толы сөмкесін әкелуге тұра ұмтылған сіңлім кенет кілт тоқтады. Сөмкесін ашарын да, ашпасын да білмей дал. Не айтарын білмей кібіртіктеп барып: – Әпке, біз «Ана тілі» оқымаймыз, менің ондай оқулығым жоқ, – деді өзі әлденеге кінәлі жандай. Бала емес пе, 2016-2017 оқу жылынан бастап, бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, жаңартылған мазмұндағы бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспары бойынша оқулықтың атауы «Сауат ашу» болып өзгертілгенін қайдан білсін. мектеп2Биылғы оқу жылындағы негізгі «жаңалықтардың» бірі – осы жаңартылған оқу бағдарламасы. Жаңа жүйе бойынша алдымен бес күндік оқу жүйесіне сатылап көшу деген мәселе көтерілді. Бастапқыда, ата-аналар «Бұл қалай?» десіп, толқығанмен кейін, оған да үйренді. Бірінші сыныптың оқушысының кітаптарының көптігін, ауырлығын айтып, тағы шулап, басылды. Білім саласындағы реформаның бәріне көнгенмен, көпшілік «Әліппе» мен «Ана тілінен» «айырылып» қалғанына көндіге алмады. Пікірталастан түспеген басты тақырып осы десек, артық айтқандық емес. Әлеуметтік желілерде де жарыса пікір жазып, тіпті министрлікке арнайы сауал жолдаушылар да болды. Енді, міне, Білім және ғылым министрлігі баланың жас шамасына, ойы мен зердесіне лайықталып, тәжірибелі ұстаздар дайындаған оқулықтарға өз атауларын қайтарып бермек. Бұл туралы министр Ерлан Сағадиев Парламент депутаттарының алдында ресми мәлімдеген болатын. Осыдан кейін оқулықтардың атауын қайтару мәселесінің мән-жайына қанығу үшін облыстық білім басқармасына қайырылдық. Басқарма басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова министрліктен арнайы нұсқау берілмегенін, нақты жұмыс бағдары бекітілмегенін айтты. – Өздеріңізге мәлім, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева 2019 жылдан 0-сыныпта «Әліппе» оқытылатынын, бірақ пилоттық жүйе ретінде биылдан басталатынын айтты. Әліппені «нөлінші» сыныптан бастап оқыту туралы шешім былтыр қабылданғанын қозғады. Рас, қазiргi уақытта мектепке баратын балалар әрiп танып, оқи алады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл шешiм дұрыс деп санаймын. Сол себепті, бiрiншi сыныптарда оқытылып жатқан «Сауат ашу» пәнiнің атауы «Ана тiлi» деп өзгертіледі. Ата-аналар тарапынан «Сауат ашу» пәнiн «Ана тiлi» деп қайта өзгерту туралы көптеген ұсыныс түскен. Министрлік шешім қабылдарда көпшіліктің пікірін ескеріп отыр. Ал оқулықтың мазмұны туралы арнайы мәлімдеме жасалған жоқ. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс қой, – деді Жәмила Елеуқызы. «Әліппені» қайтаруды талап еткен ата-аналардың «Сауат ашу» оқулығының атауы ғана емес, мазмұнына да көңілі толмайды. Сондықтан көпшілік оқулықтың атауын қайтарғанда ішкі мән-мазмұны ұмыт қалмаса екен дейді.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».