Астықтың да «ауруы» болады
Астықтың да «ауруы» болады
Астық дақылдарының тат және септориоз аурулары аса зиянды. Бұдан келетін шығындар да орасан зор. Септориоз ауруының белгілері әртүрлі формадағы және әртүрлі мөлшердегі тозаңды-сұр, сұр-қоңыр, күңгірт қоңыр және хлорланған дақтар түрінде байқалады. Аурудың дамуына салқын, ылғалды ауа райы ықпал етеді. Оның ішінде бидай жапырақ таты (қоңыр) саңырауқұлақ ауру қоздырғышы – егістік алқаптарында неғұрлым кең таралған зиянды аурулардың бірі. Бидай жапырақ таты астық дақылының егін түсімін, қысқа және құрғақшылыққа төзімділігін бірден төмендетеді. Қоңыр тат ауруы ассимиляциялық жапырақ бетін азайтып, өсімдіктің транспирациясын күшейтеді. Нәтижесінде су балансы бұзылып, жапырақ уақытынан бұрын солып, құрғап қалады. Бидайдың түптену кезінде пайда болған бұл ауру өнімділікті 80 пайызға дейін, ал масақтану кезінде 20-30 пайызға дейін төмендетеді. 2016 жылы көктем мезгілі кезеңінде жауын-шашынның мөлшерден тыс көп болуы, ауаның ылғалдылығы 65-85 пайыз болуы, ауа температурасының ауысуы және шықтың көп түсуі күздік бидайда тат және септориоз ауруларының дамуына қолайлы жағдай туғызды. Осыған байланысты тат және септориоз ауруларына мониторингтік тексеру жүргізу жылдағыдан 20 күнге ерте басталды. Тат ауруының алғашқы белгілері Қордай және Жамбыл аудандарында сәуір айының 15-20 күндері байқалып, одан әрі қарай аталмыш өсімдік ауруларының дамуы қарқынды жүріп, Байзақ, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында таралуы тіркелді. Мамыр айының екінші онкүндігінде жауын-шашын жиі-жиі түсіп, орташа тәуліктік температура +11+14 0С, ал ылғалдылық 65-80 пайыз болуы аурудың облыс аумағында одан әрі белсенді дамып, таралуына түрткі болып, ауру үдей түсті. Облыс бойынша 2016 жылдың өніміне егілген 251,3 мың гектар дәнді дақылдар ауруларына қарсы химиялық өңдеу 13,0 мың гектар жер көлеміне жоспарланған болатын. Мониторингтік тексеру жұмыстары 220,0 мың гектарға жүргізілді, залалданған көлем 33,416 мың гектарды, оның ішінде тат ауруымен залалданғаны – 23,556 мың, септориоз ауруымен залалданғаны – 9,86 мың, экономикалық зияндылық шегінен асқан жер көлемі 19,258 мың гектарды құрады. Бұл жұқпалы ауру тұқым арқылы да жұғып, астық пен барлық өсімдіктер бойында сақталады. Егістік алқаптарындағы өсімдіктерде аурудың бастапқы белгілері пайда бола бастаған кезден бастап қорғау шараларын жүргізу керек. Агротехникалық шараларды қолданғанда септориоздың биологиялық таралу ерекшеліктеріне және аурудың өршуіне назар аудару қажет. Аурудың негізгі қоздырғыш көзі сабан болып табылады. Топырақта ауру қоздырғышының сақталуы төмен болады. Демек, сабан топыраққа енгізілсе, жердің жұқпалы ауруды жұқтыруын азайтады. Тұқым мен топырақтағы ауру қоздырғышын тежеу үшін дәнді дақылдарды дәрілеу қажет. Аурулармен күресудің тиімді, сенімді әдісінің бірі – өндіріске бидайдың ауруларға қарсы төзімді сұрыптарын орналастыру мен енгізу және агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу. Сонымен қатар, минералды және органикалық тыңайтқыштарды пайдалану көлемін және ауыспалы егіс жүйесін сақтау қажет.
Шәкір МОМЫНҚҰЛОВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы. Сәуле РАМАНОВА, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының фитопатолог маманы.