Мәдениет

ОН АЛТЫ ЖАСАР МИРО БЕС ТІЛДЕ ЕРКІН СӨЙЛЕЙДІ

ОН АЛТЫ ЖАСАР МИРО БЕС ТІЛДЕ ЕРКІН СӨЙЛЕЙДІ

«Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің», деген даналық сөзді ұстанған Бірлік ауылының тұрғыны, күрді ұлтының өкілі Миро Асанов қазақ, орыс, күрді, ағылшын және француз тілдерінде еркін сөйлей алады. Ол Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің 10-сыныбында оқиды. Ағылшын, француз тілін интернет арқылы үйренген Миро ынта болса, тіл меңгерудің қиын еместігін айтады. Мәселен, ол ағылшын тілін Америкада тұратын Ирина Сипилова есімді ұстазының жеке сайтынан тегін үйреніпті. Күніне 8 сағат оқып ағылшын тілінің лексика-грамматикасын небәрі үш айда толық меңгерген Миро қазіргі таңда испан тілін үйренуде. Сынып жетекшісі Дария Әшкеева оқушысы Миро Шәріпұлының оқуда озат, алтын белгі үміткері және шын мәнісінде бес тілде сауатты жазып, еркін сөйлей алатын, аудандағы жалғыз талантты, дарынды оқушы екенін ерекше қуанышпен жеткізді. Миро 2000 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Бүгінгі таңда Бірлік ауылында Горче Ганжуева есімді нағашы әжесінің қолында тұрады. Әжесі – 12 баланы өмірге әкелген батыр ана. Миро отбасында егіздің сыңары. Яғни қарындасы Диана Асанованың қамқоршысы. Ол 2014 жылы аудан бойынша ағылшын тілі пәнінен өткізілген жарыста 1-орын, 2015 жылы интернет арқылы Белоруссияда орыс тілі пәнінен қашықтықта өткізілген олимпиадада 2-ші, өткен жылы математика пәні бойынша аудандық пәндік олимпиадада 1- орынды жеңіп алған. Миро Асанов алдағы уақытта 10 тілді жетік меңгерсем деп армандайды. Білімді интернеттен өздігінен іздеген талабы таудай талантты оқушының білімге деген құштарлығы, талпынысы ерен.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.