Мәдениет

«Бар күшімді әкемнің өнердегі туын жықпауға жұмсадым»

«Бар күшімді әкемнің өнердегі туын жықпауға жұмсадым»

Алатаудың ақиығы атанған ақын, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына 130 жыл

11Төл өнеріміздің сал-серілік, айтыскерлік дәстүрін ХХ ғасырдың 70 жылдарына дейін жеткізіп кеткен әнші, ақын, сазгер Кенен Әзірбаев – сал-серілердің соңғы тұяғы. Аққуға үн қосып, тыңдасаң мейір қандырар асқақ әнді жанына серік еткен өнер иесін оқырмандарымыз қаншалықты біледі? Тыңдарманының жан-дүниесін байытқан Әзірбаевтың артықшылығы неде? Артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірмен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан халық ақынының ұрпағы Төрткен Кенен­қызы­мен әскесінің өнер жолы жайында аз-кем сыр бөліскен едік.

– «Төрткенімді бермеймін тоғыз ұлға, қырсығымды кескен төл басым» деп еркелетіп өсірген Кенен атаның Төрткемпірбіршалы қазір қайда тұрады? – Қырық жылдан бері Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кентінде тұрамын. Жасым сексеннің сеңгіріне шығып келеді. Отыз жылдан астам халық ағарту саласында еңбек еттім. Өзімнің қабілет-қарымымша, қолымнан келгенінше, мұғалім, әдіскер, инспектор, кадр бөлімінің маманы, мұғалімдердің құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымы­ның жетекшісі, әйтеуір, бірнеше қызметтер­дің қазанында қайнадым. Зейнетке шыққан соң да, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде «Жетісу ән дәстүрі» пәнінен әкемнің әндері бойынша сабақ бердім. Аллаға шүкір, әлі де еңбектенуден қашпаймын. Осы тұрыста, аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Іле таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі, ономастика комиссиясының мүшесі болып жүрген жайым бар. Бүгінде екі ұл, екі қыздан он екі немере, бес шөбере сүйген бақытты әжемін. Отағасым ана дүниеге ертерек кетіп қалды. Өзі жоқ болса да отауымыздың отын өшірмей, бала-шағасына ие болып отырмын. – Атамыз, яғни, әкеңіз сізді тағы қалай еркелетуші еді? – Мен ол кісінің 52 жасында дүниеге келгенмін ғой. Содан, мен де оны ата дейтінмін. Атам маған өлең де шығарды, ән де арнады. Мені ерекше қатты жақсы көрді. «Өзгеше туған, шырағым» деп отыратын. Тұрмыс құрғанымда да артымнан үнемі ақылын айтқан хаттарын жіберіп тұрды. Бірде «Мақам-сазын өзгертпе, еліктеп-еріп басқаға, аманат саған ән-мұрам, домбырамды тастама» деді. Мен онсыз да әке алдындағы перзенттік парызымды жастайымнан адал атқаруға бел буған жанмын. Бұл сөзден кейін, тіпті, Кененнің қызы деген атқа кір келтірмей жүруге тырыстым. Әкем маған кішкене кезімнен бастап әндерін, өлеңдерін үйрете бастады. Ол кісі арабша білді, ал мен әріп танысымен-ақ шығармаларын кириллица қарпімен қағазға түсіріп отырдым. Күні бүгінге дейін шамам келгенше борышымды бұлжытпай орындап жүрмін. Осы күнге дейін әндерін халық арасында насихаттап, жандануына үлес қосып келемін. – Әкеңіздің өзіңіз бағалайтын ерекше қасиеті қандай еді? – Атам самаурыннан сексеуілдің «даусы» шығып тұрмаса, шәй ішпей қоятын. Ол заманда теледидар көрмейміз. Сосын болар, дастарханның басында ұзақ отырамыз. Айтқан әңгімелеріне ұйып қаламыз. Араласатын дос-жарандары­ның әрекеттерін, қылықтарын айтып күлдіретін бізді. Жамбыл Жабаевтың айтысқан кездегі қос иығын селкілдетіп отыратынын, оның ашуланғандағы мұртының едірейіп кететінін айнытпай салатын. Біз аң-таң болып отырамыз. Сұмдық балажан еді. Бізді тізесінің үстіне отырғызып алып, ойнататын. Жылқыны қатты жақсы көрді. Алматы мен Қордайдың арасын жағдайы келген кезге дейін атпен аралады. – Жылқы демекші, апа, «Қыздар мінген байталды, жанай жүрші, Көкшолақ» деген Кенен атамыздың серілігінен де сыр шертсеңізші... – Осыған қатысты бір қызық әңгіме айтайын. Ана бір жолы Алтынбек Қоразбаев «Сағындым Кенен атамды» деп әндетті емес пе?! Сонда менің анам оның әнін үйімізге шақыртып алып тыңдады ғой. Дастархан басында орындалған әннен кейін апам: «Қарағым, елу жыл отасқан күйеуімді мен бұлай жоқтамап ем, сен өзің сол атаңның баласы емессің бе?» дегені. Ол да қу екен. «Оны анамнан сұраңыз» дегені. Біз ду күлдік. Атамның «Тоғыз келін» деген де әні бар. Өзінің жақсы көргендерін жырға қоса берген болуы керек. Өзі де сұңғақ бойлы, жігіттің сұлтаны еді. Өнер адамы ғашық болмай тұра ма, қыз-келіншектердің сұлулығына көп сұқтанушы еді. Бала болған соң, мән бермеген шығармыз. Кейін есейген соң, кім біледі, біздің басқа да бауырларымыз бар шығар деп ойлап қойдық. Білетінім, анамыз даладай дархан жан еді. Әкеміздің бірнеше күн қыдырып жүре беретін серілігін бізге білдіртпеді. Әйтпесе, бүгінгінің жас келіншектері бұл ерлікті жасай ала ма? – Ол кісінің достары, бірге жүрген жақындары туралы айтыңызшы? – Жамбыл атамен достығы керемет болды. Елу жыл жолдас болған. Әрі ұстазы. Сондықтан, көп араластық. Менен кейінгі Көркемжанның есімін сол кісі қойып еді. Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсіреповтер үйімізде қонақта болды. Ал, Сәбит Мұқанов пен әкемнің арасындағы достықтың беріктігі, тіпті, бөлек әңгіме. Асанбай Асқаров, Екейбай Қашағановтардың орны бір бөлек. Тайыр Жароков, Тұманбай Молдағалиев, Хамит Ерғалиевтерді де басына көтеріп, еркелетті. Мырзатай Жолдасбеков те әкеміздің туған баласындай болып кетті. Он жыл бірге жүріп, біздің жазып ала алмағанымызды, естімегенімізді Нысанбек Төреқұлов екеуі жиып-терді. Мені бірінші рет әнші ретінде радиоға, телеарнаға шығарған да осы Мырзатай Жолдасбеков болатын. «Кенен Әзірбаев дүниеде жоқ, баяғы заманда өмір сүрген» деп ойлайтын көп адамдар сонда қатты таңданыпты. Ол ештеме емес, менің сол кісінің қызы екенімді білген соң, жан-жақтан көптеп хаттар келген. Атамды көзі тірісінде құрметтемеген, сыйламаған адам жоқ. Қазірдің өзінде оның өнерін дамытуға қамқорлық көрсетіп жатқандар аз емес. – Әкеңіздің өмiрi туралы айтқанда, оның «бала сүю – арманы» болғаны да сөз болады. Құдайдан тiлеп алған перзенттерi қайда жүр? Әкелерiнiң жолын қуғаны, өнер қонғаны жоқ па? – Асырап алған екі баласын қосқанда, екі анамыздан он сегіз бала сүйді. Тоғыз баласынан айырылды, тоғыз баласынан ұрпақ өрбіді. Қазір жалғыз інім мен қыздардан Ақтамақ, Ақбілек деген сіңлілерім – төртеуміз бармыз. Көркемжан әкемнің елу бес жасында туылған екен, өзі де елу бес жасында қайтыс болды. Артында үш ұлы, екі қызы, әйелі қалды. Келініміз қазір қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Атаның жүзге жуық немере-шөбересі бар. Шөпшексіз де емес. Құдайға шүкір, баланы кеш көргенімен, әулетінің үлкен шаңыраққа айналғанын көріп кетті. Бәрі атасының әнін айтады, домбыра тартады. Бірақ таза өнер жолына түскен ешқайсысы жоқ. Жастайымыздан атамыздың әнін айтқан Бақытжан екеуміз ғана. Мен Бақытжаннан өз әкемді көремін. Өкінішке қарай, ол бұл жолды таңдамады. Егер таңдағанда Кенен атаның аумаған өзі болар еді. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН.